Қазақстанда ер адамдар да отбасындағы зорлық-зомбылыққа шағымданады

Редакция
18 қараша 2026, 15:28
Қазақстанда ер адамдар да отбасындағы зорлық-зомбылыққа шағымданады Сурет авторы: Depositphotos.com

Қазақстандағы дағдарыс орталықтарына ер адамдар да отбасындағы қысым мен жанжалдарға байланысты көмек сұрап жүгінеді. Алматыдағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығына түскен шағымдардың шамамен 2%-ы ер адамдардан. Олардың көбі психологиялық қысымға, отбасылық бюджетке қатысты келіспеушіліктерге және бала тәрбиесіне байланысты жанжалдарға шағымданады.

Орталық директоры Гүлшара Сапарованың айтуынша, көмек сұрайтын ер адамдардың арасында жастар мен жасөспірімдер басым. Ол мүмкіндігі шектеулі, өздігінен жүріп-тұра алмайтын жігіттің оқиғасын мысалға келтірді. Оның қамқоршысы болған әпкесі жәрдемақысынан бір аптадан астам уақыт бойы темекіге ақша бермеген. Жігіт сенім телефонына хабарласқан соң, полиция мен әлеуметтік қызмет мамандары оқиға орнына барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жанжалды реттеген.

Ер адамдардың басқа шағымдары көбіне психологиялық қысымға қатысты. Олар табысының аздығы үшін кінәлауға, отбасын асырауға қаражаттың жетіспеуіне және бала тәрбиесіне жеткілікті уақыт бөлмейді деген ренішке тап болатынын айтады. Ажырасу кезінде де кейбір ата-ана баланы бір-біріне қысым көрсетудің құралына айналдырады. Мұндай жағдайда орталық заңгерлері некені бұзу және баланың кіммен тұратынын анықтау мәселелері бойынша кеңес береді.

Орталық дерегінше, барлық өтініштің шамамен 2%-ын ер адамдар түсіреді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 1 877 адам арнаулы әлеуметтік қызмет алған. Олардың 1 299-ы – балалар.

Соңғы жаңалықтар