Белдікпен қорқытып, ән айтқызған: желіні шулатқан сарбаздардың видеосына Қорғаныс министрлігі жауап берді

Редакция
18 қараша 2026, 18:21
Белдікпен қорқытып, ән айтқызған: желіні шулатқан сарбаздардың видеосына Қорғаныс министрлігі жауап берді Сурет авторы: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде бір әскери қызметшінің қолына белдік ұстап, екінші сарбазды ән айтуға мәжбүрлеп тұрған видеосы тарап, қоғамда қызу талқыға түсті. Қорғаныс министрлігі даулы жазбаға қатысты ресми түсініктеме берді.

Threads желісінде тараған кадрларда әскери киімдегі жігіттің солдат белдігін сермеп, қасындағы әріптесіне ән айтқызып тұрғаны көрінеді. Сарбаз сәл кідіріп қалса, қолында белдігі бар әскери балағат сөздер айтып, әнді жалғастыруды талап етеді.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл видео 2024 жылдың қысында Ақмола гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде түсірілген.

«Видеоға түсіп қалған әскери қызметшілер бұл жазбаның әзіл ретінде түсірілгенін және бір-біріне ешқандай шағымдары жоқ екенін айтты», - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Алайда аталған дерек бойынша қызметтік тексеріс жүргізілген-жүргізілмегені туралы министрлік нақты ақпарат берген жоқ.

Бұған дейін, 2026 жылдың ақпан айында Гвардия гарнизонындағы бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметшінің соққыға жығылғаны белгілі болған еді. Қаруласының шабуылынан кейін жағы сынған сарбаз Алматыдағы әскери госпитальге жеткізілген болатын.

Ол кезде әскери полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдары аяқталғанша бірнеше командир қызметінен шеттетілген еді. Сондай-ақ тергеушілер әскери бөлім басшылығының оқыс оқиға туралы неліктен дер кезінде хабарламағанын анықтауға кіріскен.

Соңғы жаңалықтар