Баспаналы болу енді оңайырақ: 2027 жылы ипотеканың алғашқы жарнасы 10%-ға дейін төмендемек

Редакция
17 қараша 2026, 15:16
Баспаналы болу енді оңайырақ: 2027 жылы ипотеканың алғашқы жарнасы 10%-ға дейін төмендемек Сурет авторы: pixabay.com

Алдағы уақытта қазақстандықтар үшін баспана алу әлдеқайда қолжетімді бола түспек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Отбасы банкпен» бірлесіп, ипотекалық несиелердің бастапқы жарнасын 10%-ға дейін азайту тетіктерін әзірлеп жатыр. Нақты ұсыныстар 2027 жылы таныстырылады.

Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, тиісті жұмыстар қазірдің өзінде қарқынды жүргізілуде.

«Бүгінгі таңда біз алғашқы жарнаны төмендетуді көздейтін тетіктерді пысықтап жатырмыз. Бұл жаңа механизмдерді шамамен 2027 жылы жария етеміз. Жарна мөлшерін 10%-ға дейін түсіру жоспарланып отыр», - деді комитет басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне еліміздегі тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаны азайту жолдарын қарастыруды тапсырған болатын. Кейінірек министрлік өкілдері бұл бағдарламаға тек «Отбасы банк» қана емес, еліміздегі барлық екінші деңгейлі банктер қатысатынын нақтылады.

Соңғы жаңалықтар