Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлауға 11 мыңға жуық адам үміткер болып отыр: Президент қандай міндет қойды

Редакция
16 қараша 2026, 18:22
Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлауға 11 мыңға жуық адам үміткер болып отыр: Президент қандай міндет қойды Сурет авторы: tv7.kz

Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына 13 күн қалды. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдап, саяси науқанға дайындық барысы туралы есебін тыңдады.

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесуде сайлау процесінің ашықтығы мен әділдігіне баса назар аударылған.

«Президент сайлауды конституциялық «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде өткізудің, барлық кандидаттар мен саяси партияларға тең жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті», - делінген ресми хабарламада.

Кездесу барысында Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысына 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленген сайлауға дайындық аясында сайлау органдары атқарып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттық корпустың жаңаруы жергілікті өкілді органдардың жұмысына тың серпін беріп, олардың тиімділігін айтарлықтай арттыратынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін мәслихаттардағы депутаттық мандаттарға 11 мыңға жуық қазақстандық үміткер болып отырғаны (орта есеппен бір орынға үш адамнан келеді), ал сайлау науқанын өткізуге 35,8 млрд теңге жұмсалатыны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар