Қазақстанда ең төменгі жалақы өседі: 2027 жылдан бастап кімдердің табысы бірден 29%-ға артады?

Редакция
17 қараша 2026, 10:19
Қазақстанда ең төменгі жалақы өседі: 2027 жылдан бастап кімдердің табысы бірден 29%-ға артады? Сурет авторы: Al Atameken Business

2027 жылдан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін, яғни бірден 29,4%-ға көтеріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдын ала есебінше, бұл өзгеріс 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскердің, соның ішінде бюджет саласындағы 370 мыңнан астам қызметкердің табысына оң әсер етеді.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 1,063 миллионға жуық жалдамалы қызметкер 85 мың мен 110 мың теңге аралығында жалақы алады. Олар табысы артады деп күтіліп отырған 1,8 миллион адамның қатарына енеді.

Еңбек кодексінің талабына сай, жұмыс уақытының нормасын толық орындаған қызметкерге жұмыс беруші ЕТЖ-дан төмен жалақы төлеуге құқылы емес. Яғни, жаңа мөлшерлеме күшіне енген соң, барлық жұмыс берушілер толық күн жұмыс істейтін қызметкерлерінің айлығын кемінде 110 мың теңгеге жеткізуге міндетті болады.

Дегенмен бұл талап жарты мөлшерлемемен (0,5 ставка) немесе толық емес жұмыс күнімен еңбек ететіндерге жүрмейді. Мұндай қызметкерлердің еңбекақысы нақты жұмыс істеген сағатына немесе атқарған жұмыс көлеміне қарай есептеледі, сондықтан 110 мың теңгеден төмен болуы мүмкін.

ЕТЖ мөлшерінің артуы әлеуметтік аударымдар есептелетін табыс шектерін де өзгертеді: ең төменгі есептік сома 85 мыңнан 110 мың теңгеге, ал ең жоғарғы шек 595 мыңнан 770 мың теңгеге дейін өседі.

Айта кету керек, ең төменгі жалақының өсуі барлық зейнетақы мен жәрдемақылар автоматты түрде көтеріледі дегенді білдірмейді. Өйткені көптеген мемлекеттік жәрдемақылар айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пен ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланған.

Алайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жаңадан тағайындалатын төлемдердің көлемі артады. Мәселен:

  • Қазір бала күтіміне байланысты берілетін ең жоғарғы әлеуметтік төлем (7 ЕТЖ-ның 40%-ы) 238 мың теңгені құрайды.

  • 2027 жылдан бастап бұл көрсеткіш 308 мың теңгеге жетеді. Яғни, бала күтіміне төленетін ең жоғарғы жәрдемақы 70 мың теңгеге көбейеді.

Қазіргі уақытта Еңбек министрлігі Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, жалақысы өсетін азаматтық қызметкерлердің нақты санаттарын және бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін есептеп жатыр.

Соңғы жаңалықтар