Қырғызстанда Батыр аналардың зейнетақысына қосылатын үстемеақы 5 есеге артуы мүмкін

Редакция
17 қараша 2026, 16:08
Қырғызстанда Батыр аналардың зейнетақысына қосылатын үстемеақы 5 есеге артуы мүмкін Сурет авторы: «Татар-информ

Қырғызстан Жогорку Кенешінің екі бірдей комитеті Батыр аналардың зейнетақысына қосылатын үстемеақыны бес есеге көбейту туралы заң жобасын мақұлдады. 

Заң жобасына депутат Камила Талиева бастамашы болған. Оның мәліметінше, бүгінде елде «Баатыр эне» құрметті атағына ие 30,6 мың әйел тұрады. Қазіргі уақытта олардың зейнетақысына ай сайын 1 мың сом (шамамен 5 мың теңге) көлемінде үстемеақы төленеді. Құжат қабылданған жағдайда бұл сома 5 мың сомға (25,4 мың теңгеге) дейін ұлғаяды.

Айта кетерлігі, Еңбек, денсаулық сақтау, әйелдер істері және әлеуметтік мәселелер комитеті мен Қаржы, бюджет, кәсіпкерлік және бәсекелестікті дамыту комитеті бұл заң жобасын ешқандай талқылаусыз бірауыздан қолдаған.

Еске сала кетейік, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қырғызстанда бірқатар әлеуметтік төлемдердің мөлшері өседі. Тиісті жарлыққа президент Садыр Жапаров қол қойған болатын. Атап айтқанда:

  • мүгедектігі бар балалардың жәрдемақысы 8 мыңнан 11 мың сомға дейін (37,5%-ға);

  • қарт азаматтардың төлемдері мен мүгедектік бойынша зейнетақылар 50%-ға;

  • ата-анасының екеуінен де айырылған балалардың жәрдемақысы 6 мыңнан 8 мың сомға дейін (33,3%-ға);

  • асыраушысынан айырылған балалардың төлемі 3 мыңнан 5 мың сомға дейін (66,7%-ға);

  • Батыр аналардың жәрдемақысы 3 мыңнан 5 мың сомға дейін артады, ал зейнетақыға қосылатын үстемеақы 1 мыңнан 5 мың сомға дейін өседі.

Бұған дейін Талас облысының тұрғыны президент Садыр Жапаровқа судьялардың жалақысын қысқарту есебінен Қырғызстандағы зейнетақыны 15 мың сомға дейін көтеруді ұсынған еді.

Соңғы жаңалықтар