БЖБ мен ТЖБ жеткіліксіз: 2-сыныптан бастап диктант пен шығарма жазу енгізіледі

Редакция
16 қараша 2026, 18:27
БЖБ мен ТЖБ жеткіліксіз: 2-сыныптан бастап диктант пен шығарма жазу енгізіледі Сурет авторы: istock

Енді қазақстандық оқушылар 2-сыныптан бастап диктант, мазмұндама және шығарма жазатын болады. Бұл туралы Құрылтайда өткен брифинг барысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді.

Министрлік бастауыш мектептің білім беру бағдарламаларының мазмұнын арнайы зерделеп, оқушылардың жазбаша, оқу және жаратылыстану-ғылыми сауаттылығы бойынша бірқатар олқылықтар бар екенін анықтаған.

Ведомство басшысының айтуынша, мектеп бағдарламасына 2-сыныптан бастап диктант, мазмұндама және шығарма жазуды енгізудегі басты мақсат - балаларды кітап оқуға ынталандыру.

«Егер лингвистикалық пәндердің құрамында диктант, мазмұндама, шығарма болмаса, балалар кітап оқымайды. Себебі бұл жұмыстар оқушының белгілі бір әдеби минимумды оқып шығуын талап етеді. Тиісінше, балалардың жас ерекшеліктеріне қарай арнайы критерийлер бекітілген», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оқу-ағарту министрлігі Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, диктант жазудың және оқушылардың жұмысын бағалаудың нақты талаптарын әзірледі.

Айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінің бастауыш сыныптарында бағалау жүйесі де өзгерген болатын. Жүргізілген талдау нәтижесі бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ қолдану оқушылардың нақты жетістіктерін толық деңгейде көрсете алмайтынын дәлелдеген.

 

Соңғы жаңалықтар