Жәрдемақыдан қағылып қалмас үшін тексеріп алыңыз: Отбасының табысы мен мүлкін 3 қадаммен қалай білуге болады?

Редакция
17 қараша 2026, 10:50
Жәрдемақыдан қағылып қалмас үшін тексеріп алыңыз: Отбасының табысы мен мүлкін 3 қадаммен қалай білуге болады? Сурет авторы: eGov

Әлеуметтік жәрдемақы алатын қазақстандықтар арнайы әл-ауқатты бағалау калькуляторының көмегімен отбасының барлық активтерін - жылжымайтын мүлік, автокөлік және жер телімдерін тексере алады. Мұны небәрі үш қарапайым қадаммен қалай жүзеге асыруға болатынын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндірді.

Қолда бар активтерді білу үшін төмендегі нұсқаулықты орындау жеткілікті:

  1. Бірінші қадам - отбасы құрамы. Деректерді енгізу өзіңізден басталады. Жүйеге кіру үшін ЖСН нөміріңізді жазу қажет, содан кейін жүйе мемлекеттік дерекқорлардан барлық жеке мәліметтерді (жынысы, жасы, мүгедектігі немесе созылмалы ауруларының болуы, ресми жұмыс орны және несиелері туралы ақпарат) автоматты түрде шығарады. Пайдаланушыға тек бұл мәліметтердің өзектілігін тексеру ғана қалады. Қажет болған жағдайда ақпаратты түзетуге болады. Одан кейін бір мекенжайда бірге тұратын, тіркелген және ортақ шаруашылық жүргізетін әрбір отбасы мүшесі бойынша дәл осындай деректерді өз бетінше енгізу керек.

  2. Екінші қадам - активтер мен табыстар. Мұнда да дәл осындай тәртіп қолданылады. Жеке мүлік туралы ақпарат автоматты түрде жүктеледі, оны толықтыруға немесе түзетуге құқық беріледі. Тізімге толтырушының атына тіркелген жеңіл автокөліктер, коммерциялық көлік, ауыл шаруашылығы техникасы, жылжымайтын мүлік, тұрғын үй, жер учаскелері және бизнестегі үлестер кіреді. Содан соң бірге тұратын жақындарыңызға тиесілі осындай активтерді кезекпен көрсету қажет. Осы кезеңде әр отбасы мүшесінің орташа айлық табысы да енгізіледі.

  3. Үшінші қадам - алдын ала бағалау нәтижесі. Бұл - процестің қорытынды кезеңі. Тексерілген және енгізілген барлық деректер негізінде құрылғы экранында отбасының әл-ауқатының алдын ала деңгейі көрсетіледі.

Нәтиже шыққаннан кейін экранда шағын сауалнама пайда болады. Онда қазақстандықтар сервистің жұмысын бес балдық жүйе бойынша бағалап, өз пікірлерін қалдыра алады.

Егер мүлік туралы деректерде қателік кетсе, оны ресми түрде түзетуге болады. Ол үшін eGov.kz порталындағы жеке кабинет, eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы уәкілетті органдарға жүгінуге немесе ҚР Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне хабарлауға болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін әл-ауқат калькуляторындағы есептеу нәтижелері жәрдемақыларды тағайындауға немесе тоқтатуға ешқандай әсер етпейтіні хабарланған болатын. Бұл сервис тек анықтамалық сипатқа ие.

Соңғы жаңалықтар