Алматы мен Астанада пәтер сатылымы күрт төмендеді: тұрғын үй нарығы неге бәсеңдеді?

Редакция
16 қараша 2026, 14:17
Алматы мен Астанада пәтер сатылымы күрт төмендеді: тұрғын үй нарығы неге бәсеңдеді? Сурет авторы: depositphotos.com

Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы сауда көлемі айтарлықтай қысқарды. Қазан айында баспананы сатып алу-сату мәмілелерінің саны қыркүйекпен салыстырғанда 10%-ға, ал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 22,8%-ға төмендеген. Әсіресе Алматы мен Астана қалаларында сатылым екі таңбалы көрсеткішпен азайып отыр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазан айында еліміз бойынша 31,9 мың мәміле тіркелді (былтырғы осы кезеңде 41 мың болған). Оның басым бөлігі, яғни 75%-ы көппәтерлі тұрғын үйлерге тиесілі.

Мәмілелер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр - мұнда 6 мың баспана сатылған. Дегенмен мегаполистегі көрсеткіш бір айда 16,3%-ға, ал жылдық есепте 23%-ға азайды. Ал Астанадағы құлдырау одан да айқын байқалады: елордада пәтер саудасы бір айда 14,3%-ға (5,2 мың мәмілеге дейін), ал жылдық мәнде бірден 41,6%-ға төмендеді.

Сондай-ақ айтарлықтай төмендеу мына өңірлерде тіркелді:

  • Батыс Қазақстан облысында – бір айда 21,2%-ға, бір жылда 35%-ға;

  • Ұлытау облысында – бір айда 18,6%-ға, бір жылда 30%-ға.

Соған қарамастан, кейбір аймақтарда, керісінше, айлық өсім байқалған. Мәселен, Қызылорда (+38,7%), Қостанай (+13,5%) және Атырау (+2,9%) облыстарында сауда жанданса, жылдық өсім тек Түркістан облысында (+4,9%) тіркелді.

Сарапшылар нарықтағы бұл құбылысты үш негізгі фактормен байланыстырады: тұрғын үй бағасының тоқтаусыз өсуі, ипотекалық мөлшерлемелердің жоғары болуы және зейнетақы жинақтары есебінен баспана сатып алудың азаюы.

Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне еліміздегі тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарна мөлшерін төмендету жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар