Google мен Microsoft-қа жол ашатын білім: SDU University АҚШ-пен жаңа серіктестік орнатты

Редакция
16 қараша 2026, 11:08
Google мен Microsoft-қа жол ашатын білім: SDU University АҚШ-пен жаңа серіктестік орнатты

SDU University Америка Құрама Штаттарының беделді жоғары оқу орындарының бірі - Нью-Джерси технологиялық институтымен (New Jersey Institute of Technology, NJIT) бірлесіп, MBA in Digital Transformation қос дипломды бағдарламасын іске қосады.

Оқу үдерісі «1+1» форматы бойынша ұйымдастырылған. Яғни тыңдаушылар бірінші оқу жылын Қазақстандағы SDU қабырғасында өткізсе, екінші жылы білімін АҚШ-тағы NJIT институтында жалғастырады. Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектерге бірден екі жоғары оқу орнының дипломы табысталады.

Жаңа бағдарлама бизнесті цифрлық трансформациялау бағытында еңбек ететін басшылар мен сала мамандарына арналған. Бұл бастама халықаралық деңгейдегі сапалы білім алып қана қоймай, жаһандық кәсіби ортаға қосылуға және Google, Microsoft секілді әлемдік алпауыт технологиялық компанияларда мансап құруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі жылдам өзгеріп жатқан нарықта дәстүрлі MBA бағдарламаларының өзі жеткіліксіз болып отыр. Осыны ескерген қос университет менеджмент бойынша классикалық білімді жасанды интеллект мүмкіндіктерімен ұштастыруды көздейді. Бағдарлама қатысушылары цифрлық дәуірде компанияны тиімді басқаруды, технологиялық шешімдерді бизнес-стратегиямен үйлестіруді және ауқымды өзгерістерді іске асыруды меңгереді.

Қос оқу орны арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы мен Science Summit 2026 аясында қол қойылды.

«Біздің алғашқы бастамамыз - 1+1 қос дипломды бағдарлама. Біз NJIT-ті таңдадық, өйткені оның технологияға бағытталған бизнес-білім берудегі тәжірибесі біздің мақсатымызға толық сай келеді», - деп атап өтті SDU University ректоры Арман Жұмажанов.

Соңғы жаңалықтар