Шымкентте Шенген визасын рәсімдейтін арнайы орталық ашу жоспарланып жатыр

Редакция
17 қараша 2026, 14:45
Шымкентте Шенген визасын рәсімдейтін арнайы орталық ашу жоспарланып жатыр Сурет авторы: BES.media/AI

Енді Шымкент пен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары Еуропаға сапар шегу үшін Алматыға сабылмай, Шенген визасына құжаттарды өз қаласында тапсыра алады. Толыққанды визалық сервисті іске қосу Францияның Қазақстандағы елшілігімен жасалған 2025–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі жол картасында көзделген.

Бұл туралы қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов мәлімдеді. Тұрақты орталықтың нақты ашылу мерзімі әзірге жарияланбағанымен, азаматтар қазірдің өзінде VFS Global сайты арқылы Шымкенттегі уақытша пунктке жазыла алады.

Алғашқы құжат қабылдау 2026 жылдың 23 қарашасына жоспарланған. Өтініштер аз кезеңде қабылдау айына бір рет, ал сұраныс артатын наурыз-шілде айларында айына екі рет жүргізіледі. Өтініш берушілер стандартты визалық және сервистік алымдардан бөлек, мобильді биометрия мен төлқұжатты курьер арқылы кері жеткізу қызметі үшін қосымша 100 еуро төлеуі тиіс.

Сонымен қатар алдағы уақытта қазақстандықтар үшін Шенген визасын алу шарттары одан әрі жеңілдемек. Қазақстан мен Еуропалық Одақ виза құнын 90 еуродан 35 еуроға дейін төмендету, ұзақ мерзімді көпмәртелік визалар беру, өтініштерді қарау уақытын қысқарту және студенттер, ғалымдар мен журналистерге қойылатын талаптарды оңайлату жөніндегі келісім жобасын мақұлдады.

Жалпы, соңғы уақытта Шымкенттің халықаралық байланыстары қарқынды дамып келеді. Жыл басынан бері мегаполиске 14 мемлекеттің дипломаттары арнайы келген. Бүгінде қалада Қырғызстан, Франция және Бельгияның құрметті консулдықтары сауда-экономикалық, мәдени және білім беру салаларында қызмет көрсетуде. Алдағы уақытта Италия мен Латвияның консулдықтарын ашу, сондай-ақ Фейсалабад, Кутаиси, Дебрецен және Пермь қалаларымен бауырластық қатынас орнату жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар