Қазақстанда ең төменгі жалақы ресми түрде 110 мың теңгеге көтерілді

Редакция
18 қараша 2026, 12:22
Қазақстанда ең төменгі жалақы ресми түрде 110 мың теңгеге көтерілді Сурет авторы: depositphotos.com

Құрылтай депутаттары екінші және үшінші оқылымда 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңды қабылдады. Құжатқа сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшері 85 000 теңгеден 110 000 теңгеге дейін арттырылды.

Бүгін, 18 қарашада өткен отырыста Құрылтай депутаттары республикалық бюджеттің шығындарын ұлғайтуды көздейтін заң жобасын мақұлдады. Бұл қаражат Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларын іске асыруға бағытталады.

Бюджет қаражатын бөлу бағыттары: Мемлекеттік бюджетке қосымша бөлінген 114,1 миллиард теңге келесі мақсаттарға жұмсалады:

  • Ең төменгі жалақы мөлшерін 85 000-нан 110 000 теңгеге дейін көтеру – 75,9 млрд теңге;

  • Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру – 20 млрд теңге;

  • Орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектті енгізу – 0,6 млрд теңге;

  • Өзге де шығыстар – 17,6 млрд теңге.

Сонымен қатар, президенттің жекелеген тапсырмаларын орындауға 101,5 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде Сәтпаев каналынан Астанаға дейін су құбырын тартууға (34,5 млрд теңге), шекарадағы өткізу пункттерін модернизациялауға (21,9 млрд теңге), «Балхаш» АЭС-і бойынша ізденіс жұмыстарына (16,2 млрд теңге) және Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға (5,5 млрд теңге) қаржы бөлінеді.

Қосымша қаржыландыру көздері ретінде президент пен үкіметтің резервтері, сондай-ақ мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығыстарын азайту есебінен қаражат тартылды. Сондай-ақ мемлекеттік органдар арасында 135,5 миллиард теңге сомасында қаражат қайта бөлінді.

Ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі жұмысынан айырылу, бала күтімі, жүктілік пен босану бойынша берілетін әлеуметтік төлемдердің, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың шекті мөлшерінің өзгеруіне ықпал етеді. 

Соңғы жаңалықтар