1,4 миллион адам қоныс аударды: Ішкі көші-қонда қай қала көш бастап тұр?

Редакция
17 қараша 2026, 10:56
1,4 миллион адам қоныс аударды: Ішкі көші-қонда қай қала көш бастап тұр? Сурет авторы: ЖИ иллюстрациясы

Астана тұрғындар санының өсу қарқыны бойынша еліміздегі өзге мегаполистерді шаң қаптырып, қарқынды ұлғаюын жалғастыруда. Тек 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында ішкі көші-қон есебінен елорда халқы 52 мың адамға көбейді. Бұл - Алматы мен Шымкенттің жиынтық өсімінен де жоғары көрсеткіш. Finprom.kz сарапшылары Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйене отырып, халықтың қай өңірлерден жиі қоныс аударатынын анықтады.

Жаңа астаналықтардың негізгі легін үш аймақтың тұрғындары құрап отыр. Астанаға көшу бойынша көшбасшылар үштігіне мына өңірлер енді:

  • Ақмола облысы - 22,8 мың адам;

  • Түркістан облысы - 15,2 мың адам;

  • Алматы қаласы - 13,4 мың адам.

Жалпы, тоғыз ай ішінде еліміздің басқа облыстарынан елордаға 144,7 мың адам көшіп келсе, қаладан 92,6 мың адам кеткен. Осылайша, таза көші-қон өсімі 52 мыңды құрады (бұл статистикаға қала ішіндегі мекенжай ауыстырулар кірмейді).

Бір қызығы, Астана мен іргелес жатқан Ақмола облысы арасында екіжақты белсенді алмасу жүруде: елордадан облысқа 23,4 мың адам қоныс аударған - бұл қарсы ағыннан сәл ғана жоғары.

Оңтүстік мегаполистер де жоғары көші-қон өсімін көрсетіп отыр, алайда елордаға жол береді.

Алматы (таза өсім - 29 мың адам):

  • Келгендердің 43%-ға жуығы (55,9 мың) - Алматы облысының тумалары;

  • Жамбыл облысынан 12,9 мың адам көшіп келген;

  • Астанадан оңтүстік астанаға 11,1 мың қазақстандық қоныс аударған.

Шымкент (таза өсім - 11,1 мың адам):

  • Жаңа тұрғындардың үштен екісі Түркістан облысынан келген (44,9 мың);

  • Екінші және үшінші орындарда - Астана (7 мың) мен Алматы (4,3 мың).

Қай облыстар халқын жоғалтуда?

Мегаполистер өсіп жатқан тұста, бірқатар өңірлерден халықтың жаппай кетуі байқалады:

  • Антилидер - Түркістан облысы: тоғыз айда өңірден 91,3 мың адам кетіп, небәрі 59,1 мыңы ғана келген. Кеткендер саны келгендерден 32,1 мың адамға артық.

  • Жамбыл облысы: 15,5 мың тұрғынын жоғалтты (кеткендер мен келгендер айырмасы).

  • Қызылорда және Жетісу облыстары: әрқайсысы шамамен 9,4 мың тұрғынынан айырылды.

Көші-қон бағыттары географияға тікелей тәуелді: мәселен, Қызылорда облысынан Астанаға (8 мың) Алматыға қарағанда екі есе жиі көшеді. Ал Жетісу тұрғындары көбіне Алматы қаласы (10,2 мың) мен Алматы облысын (8,3 мың) таңдайды.

2026 жылғы көші-қон ауқымы

Жалпы, 2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстан бойынша 1,4 миллион қоныс аудару тіркелген — бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8%-ға көп. Бұл көрсеткішке облысаралық қана емес, облыс ішіндегі қозғалыстар да кіреді.

Еске сала кетейік, жыл басынан бері елорда халқы 68 мыңға жуық адамға өскен болатын. Бұл сан көші-қонды да, туу мен өлім-жітім айырмасын да ескереді. Өсімнің 78%-ға жуығын дәл осы көші-қон қамтамасыз еткен.

Соңғы жаңалықтар