Енді сатып алудың қажеті жоқ: Қазақстанда тегін берілетін 22 жаңа дәрінің толық тізімі жарияланды

Редакция
17 қараша 2026, 10:04
Енді сатып алудың қажеті жоқ: Қазақстанда тегін берілетін 22 жаңа дәрінің толық тізімі жарияланды Сурет авторы: depositphotos.com

Денсаулық сақтау министрлігі емхана деңгейінде 14 түрлі ауруды емдеуге арналған дәрі-дәрмек тізімін кеңейтті. Биыл тегін берілетін препараттар қатарына 22 жаңа атау қосылды.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылдан бастап емхана пациенттері үшін дәрі-дәрмекті дербес есептеу жүйесі енгізілген. Енді қажеттілік әр науқастың нақты жағдайы мен тағайындалған емдеу сызбасына қарай жеке анықталады. Сонымен қатар, дәрі тапшылығына жол бермеу және жаңадан тіркелген науқастарды уақытылы қамтамасыз ету үшін препараттардың азайтылмайтын резерві жылдық сатып алу көлемінің 35%-ына дейін жеткізілді.

Бүгінде елімізде 76 ауру түрі бойынша 2,1 миллион қазақстандық емханалардан тегін дәрі алады. Бұл мақсатқа бюджеттен шамамен 245 миллиард теңге бөлінген.

Қандай дәрілер тегін болды?

Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, биыл тегін тізімге енген 22 жаңа дәрілік зат мына ауруларды емдеуге арналған:

  • I және II типті қант диабеті - инсулин гларгин + ликсисенатид комбинациясы;

  • Бронх демікпесі (астма) - омализумаб және тезепелумаб;

  • Өкпенің созылмалы обструктивті ауруы - олодатерол + тиотропий бромиді комбинациясы;

  • Ювенильді артрит және жүйелі түрде басталатын жасөспірімдік артрит - адалимумаб, голимумаб, тоцилизумаб және канакинумаб;

  • Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі - ивабрадин және эналаприл;

  • Ағзалар мен тіндерді трансплантациялаудан кейінгі жағдай- валганцикловир және эверолимус;

  • Психикалық аурулар - карипразин;

  • Паллиативтік көмек - прегабалин;

  • В вирустық гепатиті - тенофовир алафенамид;

  • Атеросклероз - эзетимиб;

  • Артериялық гипертензия - валсартан;

  • Миастения - метилпреднизолон және циклоспорин;

  • Жүйелі склероз (жүйелі склеродермия) - микофенол қышқылы;

  • Түйінді полиартериит және өзге де некроздаушы васкулопатиялар - метилпреднизолон;

  • Анкилоздаушы спондилит - секукинумаб.

Еске сала кетейік, бұған дейін тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмектердің дәріхана сөрелеріне сатылымға шығып кетуі мүмкін екені туралы ақпарат тараған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі бұл дерек бойынша арнайы тексеріс жүргізуге уәде берді.

Соңғы жаңалықтар