Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке күдікті әйел ұсталды

Редакция
28 қараша 2026, 23:18
Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке күдікті әйел ұсталды Сурет авторы: Кадр из видео

Алматыда бес адамның өмірін алған жер үйдегі өртке қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы әйел қолға түсті. Тергеу мәліметінше, баспананы қасақана өртеуге жеке араздығы түрткі болуы мүмкін. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.

Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, күдіктінің ізіне түскен және оқиғаның мән-жайын нақтылаған. Әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қайғылы жағдай 26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданында тіркелді. Өрт туралы дабыл 112-ге сағат 03:44-те түсіп, алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі төрт минуттан кейін жеткен. Жалынды ауыздықтау барысында құтқарушылар бес адамның мәйітін тапты – марқұмдардың арасында кәмелетке толмаған бала да бар.

Тұрғын үйі зақымданған тоғыз адам уақытша қонақүйге орналастырылды. Қала әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруды өз мойнына алып, зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіп жатыр.

Қазір сотқа дейінгі тергеу жүруде. Күдіктінің кінәсі мен болған оқиғаның барлық жай-жапсары тергеу қорытындысы бойынша белгілі болады.

Соңғы жаңалықтар