Түркістан облысында 1,1 млрд теңге субсидия жымқырылды

Редакция
27 қараша 2026, 16:37
Түркістан облысында 1,1 млрд теңге субсидия жымқырылды Сурет авторы: npomeliorator.com

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, мемлекетке келтірілген залал көлемі 1,1 миллиард теңгені құраған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті өзіне бақылауындағы коммерциялық ұйымдарды тарта отырып, қаржы шығару схемасын ұйымдастырған. Ол компаниялардың бір бөлігі жабдық жеткізуші ретінде, ал екінші бөлігі лизинг беруші әрі мемлекеттік қолдауды алушы ретінде әрекет еткен.

Атап айтқанда, «Агрохолдинг Туркестан» ЖШС және «JMJ-Агро» ЖШС арқылы 81 жаңбырлатқыш машинаны сатып алуға субсидия алу үшін өтінімдер рәсімделген. Лизинг беруші қызметін күдіктінің бақылауындағы «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы атқарған - мемлекеттік субсидия дәл осы ұйымның арнайы шотына аударылып отырған.

Алайда тергеу барысында 37 жаңбырлатқыш машинаның іс жүзінде жеткізілмегені және орнатылмағаны анықталды. Соған қарамастан, міндеттемелердің толық орындалғаны жөнінде жалған мәліметтер көрсетілген қабылдау-тапсыру актілері рәсімделген.

Кейін бюджет қаражаты күдіктіге тиесілі бақылаудағы ұйымдардың шоттарына аударылған. Нәтижесінде мемлекетке 1,1 млрд теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды, тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар