Қазақстан зейнетақы жүйесі бойынша АҚШ пен Жапонияны басып озды

Редакция
27 қараша 2026, 09:55
Қазақстан зейнетақы жүйесі бойынша АҚШ пен Жапонияны басып озды Сурет авторы: astanatv.kz

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары рекордтық көрсеткішке жетті. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) мәліметінше, 2026 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша қордағы жалпы қаржы көлемі 28,85 трлн теңгені құрады. Соңғы 12 айдың ішінде жинақ көлемі 3,01 трлн теңгеге немесе 11,7 пайызға артқан.

Жинақтың басым бөлігін міндетті зейнетақы жарналары құрайды - 26,59 трлн теңге (жылдық өсім - 8,7%). Сондай-ақ:

  • міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен - 739,98 млрд теңге;

  • ерікті зейнетақы жарналары есебінен - 10,56 млрд теңге жиналған.

  • 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бір жыл ішінде 2,36 есеге өсіп, 1,5 трлн теңгеден асты.

2026 жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында салымшылардың шоттарына 3,05 трлн теңгеден астам жарна түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,7 пайызға артық. Ал жыл басынан бері салымшылардың шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс 1,28 трлн теңгеге жетті.

Он айдың ішінде БЖЗҚ-дан төленген төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударылған қаражаттың жалпы көлемі 1,57 трлн теңгені құрады. Оның ішінде:

  • сақтандыру ұйымдарына аударымдар - 662,12 млрд теңге;

  • тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге - 520,16 млрд теңге;

  • зейнет жасына толуына байланысты төлемдер - 248,66 млрд теңге;

  • мұрагерлік бойынша - 83,97 млрд теңге;

  • шетелге тұрақты тұруға кетуіне байланысты - 41,03 млрд теңге;

  • жерлеуге арналған төлемдер - 7,93 млрд теңге;

  • мүгедектігі бар азаматтарға - 2,87 млрд теңге төленді.

Зейнет жасына жетуіне байланысты БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы орташа төлем мөлшері 39 040 теңгені құрады.

1 қарашадағы дерек бойынша БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны 6,3 пайызға артып, 19,22 миллионға жетті. Оның 12,93 миллионы жеке зейнетақы шоттары болса, 6,29 миллионы - жұмыс берушілердің міндетті жарналары есепке алынатын шартты шоттар.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан әлемдік зейнетақы жүйелері рейтингінде 55 елдің ішінен 29-орынға тұрақтап, АҚШ, Жапония, Қытай, Испания және Италия сияқты алпауыт мемлекеттерді басып озған болатын.

Соңғы жаңалықтар