Қарағандыда таңертеңгі көктайғақ салдарынан бірнеше сағат ішінде 37 жол апаты болды

Редакция
27 қараша 2026, 14:29
Қарағандыда таңертеңгі көктайғақ салдарынан бірнеше сағат ішінде 37 жол апаты болды Сурет авторы: depositphotos.com

27 қараша күні таңертең Қарағандыда ауа райының күрт бұзылуы салдарынан санаулы сағат ішінде 37 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Таңғы жаңбырдың соңы қарға ұласып, қала көшелері лезде көктайғаққа айналған.

Облыстық полиция департаментінің сағат 11:30-дағы мәліметіне сәйкес, орын алған апаттардың ешқайсысында адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеген - зардап шеккендер жоқ. Тек көлік құралдарына материалдық залал келген.

Қолайсыз ауа райына байланысты тәртіп сақшылары жолдағы бақылауды күшейтіп, көлік жүргізушілерін барынша сақ болуға шақырды. Мамандардың айтуынша, көктайғақ кезінде көліктің тежеу жолы бірнеше есе ұзарады, сондықтан әдеттегі қалыпты жылдамдықтың өзі үлкен қауіп төндіруі мүмкін.

Осыған орай полиция келесі сақтық шараларын қатаң ұстануды сұрайды:

  • Жол жабынының жағдайын ескеріп, жылдамдықты барынша бәсеңдету;

  • Көліктер арасындағы қауіпсіз арақашықтық пен бүйірлік интервалды сақтау;

  • Күрт тежеу мен шұғыл бұрылыстардан бас тарту;

  • Қиылыстарға жақындағанда жылдамдықты алдын ала азайту;

  • Рөлде отырғанда ұялы телефонға мүлде алаңдамау;

  • Жазғы дөңгелектерді қысқы шиналарға уақытылы ауыстырып, көліктің техникалық жай-күйін тексеру.

Еске сала кетейік, бұған дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты «Астана – Теміртау» тасжолында көлік қозғалысының жылдамдығы 140-тан 80 км/сағ-қа дейін шектелген болатын.

Соңғы жаңалықтар