Электронды күнделік неге істемей қалды? BilimClass пайдаланушыларға маңызды ескерту жариялады

Редакция
27 қараша 2026, 18:38
Электронды күнделік неге істемей қалды? BilimClass пайдаланушыларға маңызды ескерту жариялады Сурет авторы: Оповещение в приложении BilimClass

BilimClass білім беру платформасы таңертең болған техникалық ақаудан кейін электронды күнделіктегі барлық деректің толық қалпына келтірілгенін хабарлады. Компания өкілдерінің мәліметінше, пайдаланушылардың жеке ақпараты ешқайда таралып кетпеген.

27 қараша күні таңертең BilimClass жүйесінде кенеттен ақау пайда болып, мұғалімдер мен оқушылар өз аккаунттарына, бағалары мен үй тапсырмаларына кіре алмай қалған еді. Оның үстіне Bilimland атынан түсініксіз хабарламалар таралып, жұртшылық арасында «жүйе бұзылды, енді деректерді қайтару мүмкін емес» деген үрей туған болатын.

Жүргізілген тексеріс нәтижесінде қолданушылардың барлық мәліметі дін аман сақталғаны және ақпараттың сыртқа шығу дерегі тіркелмегені анықталды.

«Оқыс оқиға салдарынан бірқатар пайдаланушыда бұзылған ақпараттың дұрыс көрсетілуі толығымен қалпына келтірілді. Пайдаланушылар тарапынан ешқандай қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ», - делінген компания хабарламасында.

Қазіргі уақытта мамандар ақпараттық қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қосымша техникалық жұмыстар жүргізуде. Осыған байланысты BilimClass сайты мен қосымшасы 28 қараша күні сағат 00:00-ге дейін уақытша қолжетімсіз болады. Компания алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмау үшін қорғаныс жүйесін барынша жетілдіруді көздеп отыр.

Соңғы жаңалықтар