Жезқазғандағы кісі өлімі: 20 жыл бұрынғы іс бойынша күдікті Ыстанбұлда қолға түсті

Редакция
27 қараша 2026, 12:16
Жезқазғандағы кісі өлімі: 20 жыл бұрынғы іс бойынша күдікті Ыстанбұлда қолға түсті Сурет авторы: haberler.com

Ыстанбұлда 50 жастағы Витта Махмаханов ұсталды. Ресейдің құқық қорғау органдары оған 2006 жылы Жезқазғанда Сагит Шокпутовты өлтіруге қатысы бар деген күдікпен іздеу жариялаған. Ыстанбұл полициясына сілтеме жасап бұл ақпаратты таратқан – Түркияның DHA агенттігі. Күдікті шаһардың Бакыркөй ауданында анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Қанды оқиға 2006 жылғы 28 қарашада Жезқазғанда, Сагит Шокпутовтың үйінің маңында болған. Белгісіз біреу оның Nissan Patrol көлігіне жақындап, бірнеше мәрте оқ атқан соң, жәбірленуші сол жерде тіл тартпай кетті. Сол кезеңдегі отандық БАҚ Шокпутовты «Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорындарындағы ұрлық-қарлыққа қатысы бар қылмыстық топтың болжамды жетекшісі ретінде сипаттаған.

Кісі өлімінен кейін небәрі бес сағат өткенде Махмаханов ұсталғанымен, тергеу оның қылмысқа қатысын дәлелдей алмады. Сараптама барысында оның киімінен қару майының іздері шықпай, аяқкиім іздері де қылмыс орнындағы белгілермен сәйкес келмеді. Оның үстіне, басты куәгер де берген жауаптарын бірнеше рет өзгерткен. Нәтижесінде 2007 жылғы қыркүйекте қылмыс құрамының болмауына байланысты Махмахановқа қатысты қудалау тоқтатылды.

Ресей тарапының арада 20 жылға жуық уақыт өткен соң оны халықаралық іздеуге қайта беруіне не түрткі болғаны және нақты қандай айып тағылғаны әзірге белгісіз.

Соңғы жаңалықтар