Жұмыссыз қалғандарға берілетін төлем 346,5 мың теңгеге дейін өседі: 2027 жылдан бастап ережелер қалай өзгереді

Редакция
27 қараша 2026, 11:59
Жұмыссыз қалғандарға берілетін төлем 346,5 мың теңгеге дейін өседі: 2027 жылдан бастап ережелер қалай өзгереді Сурет авторы: Министерство труда и социальной защиты населения РК

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді. Жаңа ережеге сәйкес, жәрдемақыны алу мерзімі 3 айға дейін белгіленіп, оның ең жоғары мөлшері айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Айта кетейік, 2026 жылдың соңына дейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төлем алудың бұрынғы тәртібі сақталады. Ол үшін азамат мансап орталығы, eGov.kz порталы немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі шарт. Төлем соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45%-ы мөлшерінде есептеледі.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік кодекстің жаңартылған нормалары күшіне енеді. Енді қаржылай қолдау жұмыс іздеу процесімен тікелей байланыстырылады:

  • Азаматқа алдымен «жұмыс іздеуші тұлға» мәртебесі беріліп, 13 күн ішінде мансап орталығының мамандары оған лайықты бос орындар іздеп, сұхбаттасулар ұйымдастырады.

  • Егер 13 күн ішінде қолайлы жұмыс табылмаса, өтініш берушіге ресми түрде «жұмыссыз» мәртебесі беріліп, МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл ретте жұмыс іздеу және тегін қайта оқыту шаралары тоқтатылмайды.

Жаңа стандарттар бойынша пилоттық жоба 2026 жылдың 1 қазанынан бері жүзеге асырылып келеді.

2027 жылдан бастап әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне қарай үш айға дейін тағайындалады:

  • 6 айдан 12 айға дейін - 1 айға;

  • 12 айдан 24 айға дейін - 2 айға;

  • 24 ай және одан көп болса - 3 айға.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Осыған байланысты жұмысынан айырылу бойынша ең жоғары әлеуметтік төлем көлемі де айына 346,5 мың теңгеге жетпек.

Еңбек министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 626,9 мың адам жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар:

  • 60,5 мың азамат Skills.enbek.kz платформасында оқудан өтсе, 37,3 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін меңгерген;

  • 400 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 3,2 мың грант берілді;

  • Жастарға арналған Mansap Kompasy платформасы іске қосылып, Павлодар және Маңғыстау облыстарында жасанды интеллект негізіндегі цифрлық қызмет арқылы 7,5 мың адам автоматты түрде жұмысқа орналасты.

2026 жылдың 10 айында 367 мың қазақстандыққа жалпы сомасы 128 млрд теңге көлемінде жұмысынан айырылу бойынша төлем жасалған. Өтініш білдіргендердің 99,3%-ы қызметті электрондық форматта рәсімдеген.

Соңғы жаңалықтар