2027 жылы қазақстандықтардың табысы қалай өзгереді

Редакция
27 қараша 2026, 16:04
2027 жылы қазақстандықтардың табысы қалай өзгереді Сурет авторы: depositphotos.com

Қазақстандықтардың нақты жалақысы 2027 жылдың ортасына дейін қайта өсе бастайды. Halyk Finance сарапшыларының болжамынша, инфляцияның бәсеңдеуі жалақының сатып алу қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар келесі жылдың басынан бастап ең төменгі жалақының көтерілуі де еңбекақы динамикасына қосымша серпін бермек.

2026 жылдың екінші тоқсанында елімізде номиналды жалақы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға артқан. Алайда инфляцияны ескергенде, азаматтардың нақты табысы 1,8%-ға төмендеп кетті. Бұл есептелген жалақы сомасы көбейгенімен, қызметкерлердің оған бір жыл бұрынғыдан аз тауар мен қызмет сатып ала алатынын білдіреді.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, екінші тоқсанда:

  • Орташа айлық жалақы - 486 388 теңгені;

  • Медианалық жалақы - 348 415 теңгені құрады (бұл жұмыс істейтін халықтың тең жартысы осы сомадан төмен, ал екінші жартысы жоғары жалақы алатынын көрсететін меже).

Қазан айында Қазақстандағы жылдық инфляция бір жыл бұрынғы 12,6%-дан 9,2%-ға дейін баяулады. Дегенмен Halyk Finance аналитиктері 2026 жылдың соңына қарай баға өсімі қайтадан 9,5–10%-ға дейін жеделдеуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұған маусымдық қымбатшылық пен желтоқсанда күтілетін коммуналдық тарифтердің өсуі себеп болмақ.

Ал 2027 жылдың соңына қарай сарапшылар инфляцияны 8–9% деңгейінде болжап отыр. Баға өсімі баяулаған сайын, келесі жылдың ортасына дейін нақты жалақы оң динамикаға қайта оралады деп күтілуде.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін, яғни 25 мың теңгеге (29,4%) көтеріледі. 18 қарашада Құрылтай 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң аясында тиісті норманы мақұлдады.

Бұл қадам шамамен 1,8 миллион азаматтың, соның ішінде бюджет саласындағы 370 мыңнан астам қызметкердің кірісін арттыруға мүмкіндік береді. Алайда сарапшылар ең төменгі жалақының өсуі елдегі барлық жұмыс істейтін азаматтардың жалақысы автоматты түрде 29,4%-ға көтеріледі деген сөз емес екенін ескертеді.

Еске сала кетейік, 2026 жылдың бірінші тоқсанында да номиналды өсімге қарамастан, нақты жалақы 2,3%-ға төмендеген болатын. Бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов алдағы уақытта халықтың нақты табысының өсу қарқыны экономиканың өсу қарқынына жақындауы тиіс екенін мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар