АҚШ соты Huawei-ді технология ұрлады және санкцияларды бұзды деп таныды: қытайлық алпауытты енді қандай жаза күтіп тұр?

Редакция
25 қараша 2026, 18:42
АҚШ соты Huawei-ді технология ұрлады және санкцияларды бұзды деп таныды: қытайлық алпауытты енді қандай жаза күтіп тұр? Сурет авторы: depositphotos.com

Нью-Йорктегі федералдық соттың алқабилері 24 қарашада қытайлық Huawei Technologies компаниясын банктік алаяқтық жасады, АҚШ санкцияларын бұзды және коммерциялық құпияларды ұрлау мақсатында сөз байласты деп кінәлі деп таныды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Алқабилер қандай шешім қабылдады?

Сот отырысында Huawei екі бап бойынша - заңсыз бопсалау мақсатында сөз байласу және сот төрелігіне кедергі келтіру айыптары бойынша ақталды. Прокуратура бірінші тармақ арқылы компанияның ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде әрекет еткенін дәлелдеуге тырысқан болатын.

АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, айыптау үкімдері Huawei-дің үш еншілес компаниясына қатысты да шығарылды. Сот нақты жазаны 2027 жылдың 14 қыркүйегінде тағайындайды. Компанияға ірі көлемде айыппұл салынуы, мүлкі тәркіленуі және келтірілген шығынды өтеу міндеттелуі мүмкін.

Компанияға нақты қандай айыптар тағылды?

  • Ирандағы құпия бизнес: Прокуратура дерегінше, Huawei өзіне бақылауындағы Skycom компаниясы арқылы Иранда жұмыс істеген, алайда банктерге оны тәуелсіз серіктес ретінде көрсеткен. Бұл компанияға доллармен есеп айырысуға және несие алуға мүмкіндік берген. Қорғаушы тарап HSBC секілді банктердің бұл жағдайдан хабардар болғанын алға тартты.

  • Робот бөлшегін ұрлау: Коммерциялық құпияларға қатысты істе T-Mobile компаниясының сенсорлық экрандарды тексеретін роботы аталды. Айыптау нұсқасы бойынша, Huawei қызметкерлері құрылғының суреттері мен техникалық деректерін Қытайға жіберіп, олардың бірі зертханадан роботтың бөлшегін алып шыққан.

  • Өзге компаниялардың технологиясы: Сондай-ақ Huawei-дің Cisco Systems маршрутизаторларының бастапқы кодын көшіріп алғаны, Quintel антенна өндірушісінің құпия материалдарын патенттік өтінімде пайдаланғаны және көрме кезінде компания инженерінің жабдықты суретке түсіру үшін Fujitsu стендіне жасырын кіргені анықталған.

Компания ресми мәлімдемесінде рэкет айыбы бойынша ақталғанын құптап, қалған айыптардың заңдық және нақты негізі жоқ екенін, ал коммерциялық құпияларға қатысты даулардың азаматтық істер аясында реттелгенін атап өтті. Адвокат Брайан Хеберлиг қорғаушы тараптың апелляциялық шағым түсіруге ниетті екенін жеткізді. Өз кезегінде Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Го Цзякунь Бейжіңнің АҚШ тарапынан қытайлық компанияларға жасалатын қысымға қарсы екенін мәлімдеді.

Атышулы іс 2018 жылдың желтоқсанында АҚШ сұрауы бойынша Ванкуверде Huawei-дің қаржы директоры әрі компания негізін қалаушының қызы Мэн Ваньчжоудың ұсталуынан басталған болатын. Кейін 2019 жылы АҚШ Сауда министрлігі Huawei-ді қара тізімге енгізді. 2021 жылы Мэн Ваньчжоу америкалық прокуратурамен келісімге келіп, 2022 жылдың желтоқсанында оған тағылған айыптар алынып тасталғанымен, компанияның өзіне қарсы сот процесі жалғасын тапты.

Соңғы жаңалықтар