ТЖМ қазақстандықтарға шұғыл үндеу жасады: тұрғындарға мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес берілді

Редакция
27 қараша 2026, 10:28
ТЖМ қазақстандықтарға шұғыл үндеу жасады: тұрғындарға мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес берілді Сурет авторы: depositphotos.com

Елімізде ауа райының күрт бұзылуына байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) қазақстандықтарға үндеу жасап, мүмкіндігінше үйден шықпауға кеңес берді. Құтқарушылар қатты жел, қар мен көктайғақ кезінде далаға шығуға мәжбүр болған азаматтарға сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді.

«Қолайсыз ауа райында сыртқа шығуды барынша шектеңіздер. Ағаштардан, жарнама қалқандарынан, электр желілерінен және өзге де тұрақсыз құрылыстардан аулақ жүріңіздер», - делінген ТЖМ хабарламасында.

Егер екпінді жел далада жүрген кезде басталса, оны ғимараттардың кіреберісінде (подъезд) немесе жерасты өткелдерінде күте тұрған жөн. Ал ағаштардың түбіне тығылу өте қауіпті - қатты желден бұтақтар сынып, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Жүргізушілер мен тұрғындар нені ескеруі тиіс?

  • Көлік жүргізушілеріне жылдамдықты азайтып, арақашықтықты қатаң сақтау ұсынылады;

  • Жаяу жүргіншілер тайғақ тротуарларда абайлап жүріп, жолдан өтерде асықпауы керек;

  • Суық күндері электр жылытқыштарын пайдаланатын тұрғындар оларды қараусыз қалдырмауы тиіс.

Шұғыл көмек қажет болған жағдайда азаматтар 112 бірыңғай құтқару қызметіне хабарласа алады.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» 27 қарашаға Қазақстанның 16 облысында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында дауылды ескерту жариялаған болатын. Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында желдің екпіні секундына 30 метр және одан да жоғары деңгейге жетуі ықтимал. Синоптиктердің болжамынша, елдің шығысында қатты жел 28 қарашада да сақталады.

Соңғы жаңалықтар