Күніне бір мас жүргізуші: Таразда 25 күнде 37 адам көлік тізгінінде ұсталды

Редакция
26 қараша 2026, 11:09
Күніне бір мас жүргізуші: Таразда 25 күнде 37 адам көлік тізгінінде ұсталды Сурет авторы: Polisia.kz

Тараз қаласында соңғы 25 күннің ішінде көлікті мас күйінде тізгіндеген 37 жүргізуші анықталды. Бұл - орта есеппен күн сайын жолға кемінде бір мас жүргізуші шығады деген сөз.

Қалалық полицияның мәліметінше, тәртіп сақшылары заң бұзғандардың барлығын жауапкершілікке тартқан. Енді оларды әкімшілік қамауға алу, ірі көлемде айыппұл төлеу және 7 жылға дейінгі мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы күтіп тұр. Құқық қорғаушылар жолдағы рейдтік тексерістердің әлі де жалғасатынын ескертті.

Айта кетерлігі, қатаң жаза да кейбір жүргізушілерге сабақ болмай тұр. Мәселен, бұған дейін Қостанай облысында 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған ер адам қайтадан ішімдік ішіп, рөлге отырған. Заңды өрескел бұзғаны үшін сот оны 1 жыл 9 айға бас бостандығынан айырып, өмір бойына көлік басқаруға тыйым салды.

Жалпы, ел бойынша сот шешімін елемей, куәліксіз көлік жүргізетіндер азаймай отыр. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, небәрі бес күн ішінде республика аумағында осындай 245 жүргізуші ұсталған. Олардың 115-і әкімшілік қамауға алынса, 130-ына айыппұл салынды, ал барлық көліктер айыптұрағына жабылды.

Соңғы жаңалықтар