Қазақстанда 300-ден астам компания басшысына шетелге шығуға тыйым салынды

Редакция
27 қараша 2026, 15:13
Қазақстанда 300-ден астам компания басшысына шетелге шығуға тыйым салынды Сурет авторы: ИИ/ Ulysmedia

Қазақстанда салық берешегін уақытылы өтемеген 300-ден астам жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) басшысына ел аумағынан тыс жерлерге шығуға уақытша тыйым салынды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Аудит департаментінің Берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Қайсар Арын мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2026 жылдың 1 шілдесінде Салық кодексіне Қазақстаннан шығуды уақытша шектеу туралы норма енгізілген, ал аталған шара 1 қазаннан бастап іс жүзінде қолданыла бастады.

«Егер салық берешегінің сомасы 27 мың айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асса және үш айдан астам уақыт бойы өтелмесе, салық органдары тиісті қаулы шығарады. Сот санкциясы алынғаннан кейін шекара қызметінің ақпараттық жүйесіне шетелге шығуға шектеу қою туралы мәлімет енгізіледі», - деп түсіндірді Қайсар Арын.

Спикердің дерегінше, қазіргі таңда елімізде салық қарызы 116 миллион теңгеден асатын 700-ге жуық салық төлеуші бар.

Жаңа талап күшіне енгелі бері Алматы қаласы мен Қарағанды облысындағы екі салық төлеуші берешегін толық өтеп, мемлекет бюджетіне 230 миллион теңгеден астам қаражат түскен.

Мәселен, Қарағанды облысындағы компаниялардың бірі сәуір айынан бері салық төлемей келген. Кәсіпорын басшысы шетелге шықпақ болған сәтте ғана өзіне шектеу қойылғанын біліп, содан кейін ғана компания қарызын жапқан. Осыдан соң тыйым алынып тасталды.

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі шетелге сапарлауды жоспарлап жүрген компания басшыларына Салық төлеуші кабинетіндегі мәртебесін алдын ала тексеруге кеңес берді, өйткені тиісті қаулы дәл осы ақпараттық жүйе арқылы жолданады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жобалық кеңсе отырысында Қазақстанның Салық кодексіне енгізілетін екі жаңа түзету мақұлданғаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар