Астанада Го ойыны бойынша «Жібек жолы» халықаралық турнирі өтті

Редакция
25 қараша 2026, 17:59
Астанада Го ойыны бойынша «Жібек жолы» халықаралық турнирі өтті Сурет авторы: Баспасөз қызметі

Астанада Го (Вэйци) ойыны бойынша «Жібек жолы» халықаралық турнирі өтті. Екі күнге созылған зияткерлік сайысқа Қазақстан, Қытай, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан өкілдері қатысып, барлығы 71 ойыншы тақта басына отырды. Жарыс әртүрлі буын мен мәдениеттің өкілдерін бір алаңға жинап, зияткерлік спорттың халықаралық байланысты нығайтудағы мүмкіндігін көрсетті. Бұл жөнінде турнир баспасөзі хабарлады.

Турнирдің салтанатты ашылуына Қазақстан Го федерациясының президенті Ерлан Баймұхаметов, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь, спорт пен зияткерлік қауымдастықтың өкілдері және құрметті қонақтар қатысты.

Ұйымдастырушылар жарыстың мәдени жағына да ерекше көңіл бөлді. Астанадағы Қытай мәдени орталығының директоры Ван Цинпиннің сөзінше, Го әртүрлі ұлт пен мәдениет өкілдерін байланыстыратын ортақ тілге айналып келеді. Ол екі күн ішінде ойынның Қазақстанда да, Орталық Азия елдерінде де қарқынды дамып жатқанына көз жеткізгенін айтты. Оның пікірінше, әр аяқталған партия, нәтижесіне қарамастан, жаңа достықтың бастауы бола алады.

Ерлан Баймұхаметов ойыншылардың шеберлік деңгейіне жоғары баға берді. Оның сөзінше, алты турнирлік кезеңде терең стратегия, әсем комбинациялар, спорттық мінез бен қарсыластарға деген шынайы құрмет байқалды. Федерация басшысы Астанадағы халықаралық турнир жыл сайын өтетін игі дәстүрге айналады деген үмітін білдірді.

Го – қарапайым көрінетін қиын ойын

Го Қытайда 2500 жылдан астам уақыт бұрын пайда болып, кейін көптеген елге тараған. Сырттай қарапайым көрінгенімен – тек тақта мен ақ-қара тастар – бұл ойын терең стратегиялық ойлауды, шыдамдылықты, зейінділікті және әр қадамның салдарын алдын ала болжай білуді талап етеді. Ол балалар мен жастарға да пайдалы: талдау қабілетін дамытады, белгісіздік жағдайында шешім қабылдауға, тәуекелді бағалауға және өз таңдауына жауап беруге үйретеді.

Жеңімпаздар

Турнирдің бас төрешісі қызметін Қырғызстан Го федерациясының президенті Даврон Юлдашев атқарды. Жарыс қорытындысымен халықаралық, Орталық Азия және ұлттық есеп бойынша жеңімпаздар, сондай-ақ жас мөлшері мен дайындық деңгейіне қарай бөлінген номинациялардағы үздіктер анықталды.

Халықаралық есепте үздік үштікке Қытай мен Оңтүстік Корея өкілдері кірді:

  • 1-орын – Дэн Чжишэн (Қытай);

  • 2-орын – Ким Дохён (Оңтүстік Корея);

  • 3-орын – Чжан Цзяньпин (Қытай).

Орталық Азия елдері арасындағы есепте:

  • 1-орын – Данай Айталиев (Қырғызстан);

  • 2-орын – Мерей Хуанбай (Қазақстан);

  • 3-орын – Эрнур Эмилиев (Қырғызстан).

Қазақстан құрамасы үшін басты жетістік – Қарағанды қаласындағы Го мектебінің оқушысы Мерей Хуанбайдың «Қазақстанның үздік ойыншысы» атануы.

Жекелеген номинациялар бойынша үздіктер:

  • 1 кю деңгейіне дейін – Элим Ражапов (Қырғызстан);

  • 5 кю деңгейіне дейін – Жаслан Досжанов (Қазақстан);

  • 10 кю деңгейіне дейін – Бурхон Иномжонов (Өзбекстан);

  • 15 кю деңгейіне дейін – Антон Иванов (Қазақстан);

  • 20 кю деңгейіне дейін – Данияр Русланұлы (Қырғызстан);

  • 25 кю деңгейіне дейін – Арман Құрманаев (Қазақстан);

  • үздік қыз ойыншы – Инкара Мұқанова (Қазақстан);

  • 16 жасқа дейін – Акбаржон Иномжонов (Өзбекстан);

  • 12 жасқа дейін – Эмирхан Нурбеков (Қырғызстан).

Қытайлық жеңімпаздың әсері

Халықаралық есепте жеңіске жеткен Дэн Чжишэн үшін бұл сапар ерекше болды. Ол Қазақстанға алғаш рет келіп қана қоймай, шетелдегі халықаралық жарысқа да тұңғыш рет қатысты. Спортшы Қытайда өтетін турнирлермен салыстырғанда өзгешеліктерді байқағанын, дәл осы ерекшеліктер жарысты одан сайын қызықты еткенін айтты. Оның сөзінше, бір-бірінің тілін түсінбесе де, тақта басында қарсыластың ойы мен стратегиясы айқын сезілді.

Дэн Чжишэн Го ойынымен кішкентайынан айналысады: Қытайда мұндай жарыстар жиі өтеді, сондықтан ол жас кезінен турнирлерге қатысып келеді. Астанадағы сайыс оған шеберлігін сынаумен қатар, басқа елдердің ойыншыларымен танысуға мүмкіндік берді.

Мерей Хуанбай: «Ең есте қалған – кореялық қарсыласпен партия»

Қазақстандық қатысушылар да бәсекелестіктің жоғары болғанын атап өтті. Еліміздің үздік ойыншыларының бірі, 22 жастағы Мерей Хуанбай Го ойынымен төрт жылға жуық айналысады. Ол турнирді ұйымдастырылуы да, спорттық деңгейі де жоғары жарыс деп бағалады. Шетелдік қарсыластармен өткен партиялар оған мол тәжірибе берді.

Мерей үшін ең тартысты кездесу оңтүстіккореялық ойыншымен болған партия еді. Ойын белгіленген уақыттың соңына дейін жалғасып, қазақстандық спортшы сабырлылығы мен табандылығының арқасында жеңіске жетті. Ол ұйымдастырушыларға, еріктілерге және Ерлан Баймұхаметовке алғыс айтты.

Жас спортшы бұған дейін Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея және Қырғызстанда өткен халықаралық жарыстарға қатысқан. Алдағы уақытта шеберлігін жетілдіріп, жаңа турнирлерге дайындалмақ. Басты мақсаттарының бірі – Қазақстан чемпионатында бірінші орын алу.

 

Соңғы жаңалықтар