Өмір бойына сотталған экс-президенттің бағы жанды: Жоғарғы сот Юн Сок Ёльді ақтап шықты

Редакция
26 қараша 2026, 11:36
Өмір бойына сотталған экс-президенттің бағы жанды: Жоғарғы сот Юн Сок Ёльді ақтап шықты Сурет авторы: Yonhap

Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты экс-президент Юн Сок Ёльге қатысты атышулы істердің біріне нүкте қойды. Бұрынғы премьер-министрдің сотында жалған куәлік берді деп айыпталған саясаткер толығымен ақталып шықты. Бұл туралы Yonhap хабарлайды.

Даудың төркіні 2024 жылдың 3 желтоқсанында елде әскери жағдай енгізу әрекетіне барып тіреледі. Арнайы тергеу тобының пайымдауынша, 2025 жылдың қарашасында өткен сот отырысында Юн Сок Ёль шындықты бұрмалаған. Экс-президент сол кезде «бұрынғы премьердің ұсынысына дейін-ақ Министрлер кабинетінің отырысын өткізуді жоспарлағанмын» деп мәлімдеген еді. Алайда тергеушілер оның бастапқыда тек алты министрді шақырып, толыққанды отырыс өткізуді көздемегенін, тек кейіннен премьердің кеңесімен формалды мақұлдау алу үшін қалғандарын жинағанын алға тартқан болатын.

Соған қарамастан, бірінші инстанция мен апелляциялық сот отырыстың ерекше жағдайда өтуі экс-президентті кінәлі деп тануға жеткіліксіз деп шешті. Енді Жоғарғы сот та айыптау үкімін шығару үшін бұлтартпас дәлелдер қажет екенін алға тартып, ақтау үкімін түпкілікті күшінде қалдырды.

Айта кетейік, бұл ақтау үкімі экс-президенттің жағдайын түбегейлі жеңілдете қоймайды. 2024 жылдың желтоқсанындағы әскери жағдай енгізу әрекетіне байланысты оған қарсы барлығы сегіз қылмыстық іс қозғалған. Бұған дейін, 2026 жылдың ақпанында ол «көтеріліс ұйымдастырғаны үшін» өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілген еді (қазір бұл үкімге шағым түсірілген). Ал шілде айында Жоғарғы сот оны тұтқындауға кедергі келтіргені үшін жеті жылға соттау туралы үкімді түпкілікті бекіткен болатын.

Соңғы жаңалықтар