Тоқаев ChatGPT-мен жасаған экспериментінің нәтижесін бөлісіп, классикалық әдебиеттің маңызын түсіндірді

Редакция
27 қараша 2026, 10:09
Тоқаев ChatGPT-мен жасаған экспериментінің нәтижесін бөлісіп, классикалық әдебиеттің маңызын түсіндірді Сурет авторы: ЖИ иллюстрациясы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды кітап оқуды өмір салтына айналдыруға үндеді. Президенттің айтуынша, жасанды интеллект сыни ойлауды дамытуға қажетті толыққанды кітап оқудың орнын ешқашан баса алмайды.

«Оны түйме басу арқылы меңгеру мүмкін емес. Мұның бәріне тек кітап оқу арқылы қол жеткізуге болады. Қалай десек те, кітап оқуды әлі ешкім жойған жоқ. Маған жасанды интеллект дәуірінде Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін», Тургеневтің «Көктемгі суларын» немесе Чеховтың пьесаларын оқу - кешегі күннің еншісінде қалған дүние дейді. Ал мен мүлде керісінше пікірдемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент ChatGPT нейрожелісімен жүргізілген қызықты тәжірибені мысалға келтірді. Чат-ботқа Лев Толстойдың әйгілі «Соғыс және бейбітшілік» романының қысқаша мазмұнын жазу тапсырылған. Нейрожелі көлемді шығарманы небәрі 25 бетке дейін қысқартып тастаған. Ал түпнұсқа мен қысқаша мазмұнның көлеміндегі орасан зор айырмашылық туралы сұрағанда, жасанды интеллект «қалғаны маңызды емес» деп жауап берген.

«Меніңше, бұл - өте қауіпті жеңілдету. Қалай болғанда да, кітапты түпнұсқада оқу керек», - деп қадап айтты Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Оқитын ұлт» қалыптастыру туралы арнайы жарлыққа қол қойғанын еске салып, жастардың әдебиетке деген құштарлығын арттыруға баса мән беретінін жеткізді.

Президенттің сөзінше, жақын арада Астана мен Алматы қалаларында тәулік бойы жұмыс істейтін президенттік кітапханалар ашылады. Олардың базасында арнайы заманауи хабтар құрылып, келушілерге кітаптарды дәстүрлі қағаз түрінде де, цифрлық форматта да оқуға мүмкіндік жасалмақ.

Соңғы жаңалықтар