900-ден астам қазақстандық әлеуметтік төлемдерден бас тартты

Редакция
25 қараша 2026, 18:37
900-ден астам  қазақстандық әлеуметтік төлемдерден бас тартты Сурет авторы: ЖИ иллюстрациясы

eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тартуға арналған цифрлық сервис іске қосылған сәттен бастап 900-ден астам қазақстандық осы мүмкіндікті пайдаланған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Ведомство мамандары мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан азаматтардың әлеуметтік жағдайына талдау жүргізді. Нәтижесінде, төлемдерден көбіне тұрақты кәсібі, жоғары табысы бар, сондай-ақ бірнеше жылжымайтын мүлікке (соның ішінде элиталы баспаналарға) және көлікке ие азаматтар бас тартатыны анықталды. Олар үшін мемлекеттік жәрдемақы отбасылық бюджетте айтарлықтай рөл ойнамайды.

Министрлік мысал ретінде бірнеше отбасыны атап өтті:

  • Батыс Қазақстанда кәмелетке толмаған төрт бала тәрбиелеп отырған алты адамнан тұратын отбасы жәрдемақыдан бас тартқан. Олардың ресми айлық табысы 3,8 млн теңгеден асады (жан басына шаққанда 636 мың теңгеден көп), сонымен қатар меншігінде бірнеше жылжымайтын мүлік, жер телімі және автокөліктер бар.

  • Оңтүстік өңірде мүшелері жалдамалы жұмыс істейтін әрі жеке бизнесі бар отбасы әлеуметтік төлемдерді тоқтатқан. Олардың иелігінде бірнеше тұрғын үй мен жер телімдері тіркелген.

  • Орталық Қазақстанда тұратын жеті адамдық (бес баласы бар) тағы бір отбасының айлық табысы 2,3 млн теңгеден жоғары. Олар да кәсіпкерлікпен айналысады, элиталы баспанасы, жер телімдері, жеңіл және коммерциялық көліктері бар.

Еңбек министрлігі мұндай қадамды ауқатты азаматтардың жеке әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі ретінде бағалап отыр.

Төлемдерді қайта қалпына келтіруге бола ма?

Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, әлеуметтік төлемдерден бас тарту толықтай ерікті түрде жүзеге асады және азаматты болашақта мемлекеттік қолдау алу құқығынан біржола айырмайды. Егер өмірлік жағдайы өзгеріп, материалдық жағдайы төмендесе, азамат кез келген уақытта әдеттегі тәртіппен жәрдемақы тағайындауға қайта өтініш бере алады.

Сонымен қатар министрлік алаяқтардан сақ болуға шақырды: әлеуметтік төлемдерден бас тарту сервисі тек ресми eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасында ғана қолжетімді. Ведомство мессенджерлер немесе СМС арқылы ешқандай сілтеме таратпайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін 729 қазақстандықтың әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартқаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар