Ауа райына байланысты Қазақстанның қай өңірлерінде жол қозғалысы шектелді

Редакция
26 қараша 2026, 09:57
Ауа райына байланысты Қазақстанның қай өңірлерінде жол қозғалысы шектелді Сурет авторы: depositphotos.com

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы еліміздің автомобиль жолдарындағы қазіргі ахуал туралы мәлімет берді.

Ұлттық компанияның дерегінше, 26 қараша күні сағат 05:30-дан бастап Ақтөбе облысында ауа райының күрт бұзылуына байланысты жүк және қоғамдық көліктердің, сондай-ақ жазғы дөңгелекпен жүрген барлық автокөлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды.

Атап айтқанда, республикалық маңызы бар «Ақтөбе - РФ шекарасы (Әлімбет өткізу пункті)» автожолының 39-шақырымынан 136-шақырымына дейінгі аралығы, яғни Ш. Қалдаяқов елді мекенінен Әлімбет шекаралық өткізу пунктіне дейінгі учаске жабылды.

Алдын ала болжам бойынша, аталған жол бөлігі 26 қараша күні сағат 10:00-де қайта ашылады деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» РМК синоптиктері 26 және 27 қараша күндері Қазақстанның бірқатар өңірінде желдің қауіпті деңгейде күшейетінін ескерткен болатын. Болжамға сәйкес, желдің екпіні кей жерлерде секундына 30 метрге және одан да жоғары көрсеткішке жетуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар