Танысудан бас тартқаны үшін Шымкентте бойжеткенге стақан лақтырған ер адам қамауға алынды

Редакция
26 қараша 2026, 12:43
Танысудан бас тартқаны үшін Шымкентте бойжеткенге стақан лақтырған ер адам қамауға алынды Сурет авторы: Скриншот видео: diana_bolshynbayeva_ / Instagram

Шымкентте танысудан бас тартқан әйелге шыны бокал лақтырып, жарақат салған ер адам ұсталды. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады.

Оқыс оқиға 25 қараша күні қаладағы дәмханалардың бірінде болған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, мекемеге келушілер арасында алдымен сөзге келу туындап, арты жанжалға ұласқан. Ұрыс кезінде ер адам әйелге қарай шыны бокал лақтырып жіберген. Соққы салдарынан жәбірленушінің беті мен қолы жарақаттанған. Алдын ала болжам бойынша, жанжалға ер адамның әйелмен таныспақ болған сәтсіз әрекеті себеп болған.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны қолға түсірді.

«Аталған факті бойынша полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтады. Ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта тергеу амалдарын Шымкент қалалық полиция департаментінің басшылығы өз бақылауына алды.

Соңғы жаңалықтар