Еңбек нарығындағы мемлекеттік аудит: 471 млн теңгенің қаржылық бұзушылығы мен жүйелі кемшіліктер анықталды

Редакция
25 қараша 2026, 19:48
Еңбек нарығындағы мемлекеттік аудит: 471 млн теңгенің қаржылық бұзушылығы мен жүйелі кемшіліктер анықталды Сурет авторы: Alau.kz

Қазақстанда еңбек нарығын реттеу, халықты жұмыспен қамту және еңбек көші-қоны салаларына жүргізілген мемлекеттік аудит аяқталды. Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) отырысында 2023 жылдан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі аралықты қамтыған тексеріс қорытындысы қаралды.

Аудит Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының және өңірлік мемлекеттік органдардың қызметін қамтыды.

Тексеріс нәтижесінде мынадай бұзушылықтар белгілі болды:

Таңбалауыш 471 млн теңге — қаржылық бұзушылық;

Таңбалауыш 519 млн теңге — бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау;

Таңбалауыш 476 рәсімдік бұзушылық және 91 жүйелі кемшілік.

Жалпы, 2023–2025 жылдары еліміздегі еңбек нарығы тұрақтылық сақтап, жұмыспен қамтылғандар саны 239 мың адамға артты, ал жұмыссыздық деңгейі 4,7%-дан 4,6%-ға төмендеді. Дегенмен аудиторлар саладағы бірқатар түйткілді мәселенің бетін ашты:

Қаражаттың басым бөлігі уақытша жұмысқа кеткен

2025 жылы жұмыспен қамту шараларына 163 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда оның 89%-ы субсидияланатын жұмыс орындарына жұмсалып, кәсіптік оқытуға небәрі 2%-ы ғана бағытталған. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар азаматтарды, жетім балаларды және пробация есебіндегі адамдарды жұмысқа орналастыруда қиындықтар сақталып отыр.

Жоспар мен нақты нәтиже алшақ

2029 жылға қарай 3,8 млн сапалы жұмыс орнын ашу міндеті қойылғанымен, орталық және жергілікті органдардың жұмысы толық үйлестірілмеген. Министрлік тарапынан бақылау әлсіз болғандықтан, есепте «орындалды» деп көрсетілген кейбір шаралардың нақты нәтижесі расталмаған. Сондай-ақ еңбек ресурстарына сұранысты болжаудың бірыңғай әдістемесі жоқ.

Көші-қон мен цифрландырудағы олқылықтар

Оңтүстіктен солтүстікке ерікті түрде қоныс аударған азаматтар мен қандастардың жаңа өңірде тұрақтап қалуы және мамандығы бойынша жұмыс істеуі толық қадағаланбайды. Сонымен қатар ведомствоаралық ақпараттық жүйелердің өзара байланысы әлсіз, ал қарқынды дамып келе жатқан платформалық жұмыспен қамту (курьерлер, такси жүргізушілері және т.б.) әлі күнге дейін толық есепке алынбай отыр.

Соңғы жаңалықтар