Прокуратура Satbayev University проректорының ісіне қатысты мәлімдеме жасады

Редакция
27 қараша 2026, 17:19
Прокуратура Satbayev University проректорының ісіне қатысты мәлімдеме жасады Сурет авторы: Satbayev University

Алматы қаласының прокуратурасы Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры Ержан Күлдеевтің ұсталғанын ресми түрде растады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде аталған оқу орнының проректоры құрықталғаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты журналистер мән-жайды анықтау үшін қадағалаушы органға ресми сауал жолдаған.

Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Санат Талқанбаевтың мәлімдеуінше, қылмыстық іс тек Ержан Күлдеевке ғана емес, өзге де тұлғаларға қатысты қозғалған.

«Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Е. И. Күлдеевке және басқа да тұлғаларға қатысты бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен қылмыстық істі тергеп жатыр», -делінген прокуратура жауабында.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен іс фигуранттарына қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қадағалаушы орган тергеу Қылмыстық кодекстің нақты қай баптары бойынша жүріп жатқанын ашып айтпады. Олар ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпаратты жария етуге болмайтынын алға тартты.

Айта кетерлігі, университеттің ресми сайтында Ержан Күлдеев әлі күнге дейін корпоративтік даму және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректор ретінде басқарма құрамында тұр. Ал жоғары оқу орнының өкілдері оның қызметте қалу-қалмауына қатысты жолданған сауалға әзірге жауап бермеді.

Соңғы жаңалықтар