188 миллион теңге жымқырғаны үшін Шымкенттің экс-бас сәулетшісі мен тағы төрт адам 8 жылға дейін сотталды

Редакция
27 қараша 2026, 09:52
188 миллион теңге жымқырғаны үшін Шымкенттің экс-бас сәулетшісі мен тағы төрт адам 8 жылға дейін сотталды Сурет авторы: Коллаж: Kazinform

Тараз қаласының №2 соты қала құрылысы жобаларын орындау кезінде аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырған бұрынғы шенеуніктер мен мердігерлерге қатысты үкім шығарды. Атышулы іс бойынша Шымкент қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Арман Абдешов пен тағы төрт адам 7 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Ұзаққа созылған сот процесі бірнеше рет тоқтап, қайта жанданған еді. Бастапқыда іс процессуалдық бұзушылықтарға байланысты прокурорға қайтарылса, кейін тараптар орындалған жұмыстардың сапасы, шығын көлемі мен AutoCAD және ArcGIS бағдарламаларындағы файл форматтарына дейін қызу талқылады. Тіпті жарыссөз аяқталып, соңғы сөз айтылар тұста сот құжаттарды қайта зерттеуге көшкен болатын.

Нәтижесінде сот бес айыпталушыны да сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденді немесе талан-таражға салды деп таныды:

  • Арман Абдешов (Шымкенттің бұрынғы бас сәулетшісі, бұған дейін Жамбыл облысы мен Таразда осы саланы басқарған) - 8 жылға;

  • Нұрбол Жүнісбеков (Шымкент тұрғын үй басқармасының экс-басшысы) - 7 жылға;

  • Алмасбек Бөбеев - 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Үшеуіне де мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

  • Сондай-ақ екі жобалау компаниясының басшылары - «АТС ГРАД» ЖШС директоры Нұрбол Нұртаев 8 жылға, «Archbuild Group» ЖШС директоры Қасиет Тәшімбетов 7 жылға сотталды. Олар 5 жыл бойы қала құрылысы саласындағы мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды.

Бұған дейін үйқамақта болған Бөбеев пен Тәшімбетов сот залында қамауға алынды. Барлық сотталушы жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сот Тараз әкімдігінің талап-арызын толық қанағаттандырып, мемлекет пайдасына 188,7 млн теңге өндіру туралы шешім қабылдады. Оның 148,3 млн теңгесін Абдешов пен Нұртаев, ал 40,4 млн теңгесін Бөбеев пен Нұртаев ортақтасып төлеуге міндеттелді. Ал Шымкент сәулет басқармасының 137,9 млн теңге өндіру туралы талабы қанағаттандырылмады.

Сонымен қатар Нұртаевқа тағылған қылмыстық кірістерді заңдастыру айыбы ішінара дәлелденіп, оның қылмыстық жолмен тапқан қаржыға алған мүлкі, соның ішінде Lexus LX 570 автокөлігі тәркіленетін болды. Алайда Шымкент пен Алматыдан пәтерлер мен көлік тұрақтарын сатып алу эпизоды бойынша ол ақталды.

Айыпталушылардың қорғаушылары сот үкімімен келіспейтіндерін мәлімдеп, апелляциялық шағым түсірді. Адвокаттардың айтуынша, аудит есебінде шығын мөлшері нөл деп көрсетілген, ал 188 млн теңгелік есептеулер күмән тудырады.

Соңғы жаңалықтар