Түркістан облысында 117 млн теңге жымқырған бұрынғы бас дәрігер 8 жылға сотталды

Редакция
25 қараша 2026, 10:26
Түркістан облысында 117 млн теңге жымқырған бұрынғы бас дәрігер 8 жылға сотталды Сурет авторы: Кадр из видео

Түркістан облысында бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқырған Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігеріне қатысты сот үкімі шықты. Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) облыстық департаменті медициналық жабдықтарды сатып алу кезіндегі қаржы жымқыру және қылмыстық кірістерді заңдастыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады.

Тергеу барысында аурухананың экс-басшысы кәсіпкермен ауыз жаласып, жансақтау бөліміндегі ауыр халде жатқан науқастарға аса қажетті медициналық оттегімен жабдықтау жүйесін сатып алуға бөлінген қаржыны қалтаға басудың қитұрқы схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Күдіктілер біртұтас медициналық кешенді жасанды түрде жекелеген тауарларға бөліп, өздеріне бағынышты компаниялар арқылы бағасын бірнеше есе асырып рәсімдеген. Ал шын мәнінде, құрылғыны мүлдем басқа ұйым жеткізіп, орнатып берген.

Салдарынан мемлекетке 117 миллион теңге көлемінде залал келтірілген. Ұрланған қаржының бір бөлігін заңдастыру үшін күдіктілер жылжымайтын мүлік сатып алып, оны туыстарының атына рәсімдеген.

Сот үкімімен бұрынғы бас дәрігер 8 жылға, ал оның сыбайласы - кәсіпкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, елордадағы пәтер мен екі автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында да осыған ұқсас дерек тіркеліп, Жаңаөзен қалалық ауруханасының күйік бөліміне жабдық алу кезінде 131 миллион теңге жымқыру ісі бойынша үш күдікті қамауға алынған болатын.

Соңғы жаңалықтар