Шетелден әкелінген iPhone-дар неге сұр аймақта қалып қойды: Министрлік өкілі жауап берді

Редакция
24 қараша 2026, 15:33
Шетелден әкелінген iPhone-дар неге сұр аймақта қалып қойды: Министрлік өкілі жауап берді Сурет авторы: appleinsider.ru

Қазақстанда қыркүйек айының соңынан, яғни жаңа iPhone 18 үлгісі сатылымға шыққан сәттен бері елге 279 мың жаңа мобильді құрылғы әкелінген. Соның ішінде 23 мыңға жуық смартфон (жалпы көлемнің шамамен 9 пайызы) әртүрлі себепке байланысты верификациядан өте алмай, мемлекеттік органдардың күдігін тудырған.

Үкімет отырысынан кейінгі брифингте БАҚ өкілдері шетелден сатып алынған iPhone-дарды тіркеу кезінде туындайтын кедергілер мен смартфон иесі шетелге шыққаннан кейін құрылғыны қайта тексеру қажеттігі туралы сұрақ қойды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембековтің айтуынша, елге әкелінген жаңа смартфондардың 85 пайызы Қазақстанда сатып алынып, алдын ала верификациядан өткізілген. Тұтынушыларға құрылғының мәртебесін eGov арқылы тексеру ғана жеткілікті. Сонымен қатар жаңа ережеге сәйкес, егер сатып алынған телефон тексерілмеген болып шықса, сатушы оны міндетті түрде кері қайтаруға тиіс.

Ал тексеруден өтпеген 23 мың құрылғының артында көбіне кәсіпкерлік белгілері бар «фрод» өтінімдер тұруы мүмкін.

«Мысалы, бір ғана IP-мекенжайдан жеке пайдалануға әкелінді деген желеумен мыңдаған телефонды верификациялауға өтінім беріледі. Мұндай деректермен құқық қорғау органдары айналысып жатыр», - деді Дамир Сейсембеков.

Комитет басшысы жалпы жүйе бойынша құрылғылардың 90 пайыздан астамы еш қиындықсыз өтетінін, ал қалған бөлігі сұр дилерлер арқылы немесе шетелден әкелінгендіктен кедергіге тап болатынын атап өтті.

Дамир Сейсембеков верификациядан сәтті өткен смартфонды шетелге шығып келген соң қайта тіркеу қажет деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның түсіндіруінше, құрылғы бір рет тексеруден өтсе, ол автоматты түрде «ақ тізімге» енгізіледі және қосымша рәсім талап етілмейді.

Айта кетейік, бұған дейін шетелден әкелінген телефондардың IMEI кодын тіркеу жеңілдетілген болатын: енді азаматтарға қосымша құжаттар жинаудың қажеті жоқ, шекарадан өту деректерін қоса алғанда, қажетті мәліметтерді жүйе өзі тексереді.

Соңғы жаңалықтар