Топ-менеджерінің қамалуынан кейін «Қазатомөнеркәсіп» шұғыл мәлімдеме жасады

Редакция
25 қараша 2026, 12:17
Топ-менеджерінің қамалуынан кейін «Қазатомөнеркәсіп» шұғыл мәлімдеме жасады Сурет авторы: Қазатомөнеркәсіп

Басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековтің ұсталуынан кейін «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы өзінің алдағы қызметі мен болашағына қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Атап айтқанда, компания өз қызметінің нақты нәтижелері бұған дейін күтілген көрсеткіштерден айтарлықтай өзгеше болуы мүмкін екенін ескертті. Бұл компанияның бақылауынан тыс болатын экономикалық және бәсекелестік факторларды қоса алғанда, түрлі тәуекелдер мен белгісіздіктерге байланысты.

«Болжамдардың орындалатынына ешқандай кепілдік берілмейді, ал нақты нәтижелер көрсетілген межеден жоғары немесе төмен болуы ықтимал», - делінген ресми хабарламада.

«Қазатомөнеркәсіп» өкілдерінің түсіндіруінше, болжамды мәлімдемелер компанияның қаржылық жағдайына, қызмет нәтижелеріне, жоспарлары мен мақсаттарына қатысты ағымдағы күтулерді ғана көрсетеді. Олар қазіргі және болашақ бизнес-стратегияға, сондай-ақ компания жұмыс істейтін жағдайларға негізделген болжамдарға сүйенеді.

Сонымен қатар құжатта жарияланған ақпарат пен болжамдар тек сол жарияланған күнге ғана өзекті екені атап өтілген. Компания алдағы уақытта жағдай өзгерген немесе жоспарлар қайта қаралған жағдайда, болжамдардың жаңартылған нұсқасын таратуға міндеттеме алмайтынын жеткізді.

Еске сала кетейік, 23 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен тағы бірнеше тұлғаны ұстаған болатын. Олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар