Мектеп бағдарламасына бокс пен дзюдо енгізіле ме? Қазақстан Халық Кеңесінде маңызды бастамалар көтерілді

Редакция
24 қараша 2026, 10:12
Мектеп бағдарламасына бокс пен дзюдо енгізіле ме? Қазақстан Халық Кеңесінде маңызды бастамалар көтерілді

Ауылдық жерлерде спортты қолжетімді ету, мектептегі алғашқы әскери дайындық сабақтарын заман талабына сай жаңғырту және балалар арасындағы семіздіктің алдын алу жолдары Қазақстан Халық Кеңесінің салалық комиссиясында кеңінен талқыланды. Марат Әзілханов пен Олимпиада жүлдегері Ислам Байрамуков төрағалық еткен жиынға танымал спортшылар, білікті дәрігерлер мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Отырыс барысында Ислам Байрамуков пен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко өңірлердегі спорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігі мен білікті жаттықтырушылар тапшылығына назар аударды. Сарапшылардың пікірінше, тәлімгерлерге жүйелі қолдау көрсетіп, ауылдарда спорт секцияларын ашпайынша, жасөспірімдерді бұқаралық спортқа жаппай тарту мүмкін емес.

Жас таланттарды іріктеу мәселесін көтерген Гаджи Гаджиев бюрократиялық кедергілер мен ақпараттың жетіспеушілігінен көптеген дарынды балалардың өз қабілетін аша алмай жүргенін атап өтті. Бұл түйткілді шешу үшін мектеп лигаларын дамытып, «Ел қуаты» бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу ұсынылды. Жаңа жүйе қабілетті балалардың ортақ дерекқорын қалыптастыруға және чемпиондардың шеберлік сабақтарын ұйымдастыруға мүмкіндік бермек.

Ал Роман Төреханов отандық спорттың ғылыми базасын нығайтумен қатар, мектеп бағдарламасына бокс пен дзюдо сынды жекпе-жек түрлерінің негізгі элементтерін енгізу бастамасын көтерді. Бұл оқушылардың аталған спорт түрлерін ерте жастан меңгеріп, болашақта кәсіби бағытты саналы түрде таңдауына жол ашады.

Сонымен қатар жиында жастарды әскерге дейінгі даярлау тәсілдерін жаңарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Нұрсұлтан Орынбасаров әлемде сұранысқа ие джиу-джитсу спортының жастардың дене дайындығын шыңдаудағы рөліне тоқталса, Айгерім Исбекова мектептегі алғашқы әскери дайындық бағдарламасын қайта қарау қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, белгілі дәрігер Диляра Қайдарова оқушылардың дұрыс тамақтануы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы балалар денсаулығын нығайту жөнінде нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Басқосу соңында айтылған барлық бастамалар мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатын болды. Нәтижесінде салалық министрліктерге жолданатын нақты практикалық ұсынымдар топтамасы әзірленбек.

Соңғы жаңалықтар