Қазақстанда бастапқы жарнасы 10 пайыздық жаңа ипотека іске қосылуы мүмкін

Редакция
24 қараша 2026, 11:48
Қазақстанда бастапқы жарнасы 10 пайыздық жаңа ипотека іске қосылуы мүмкін Сурет авторы: depositphotos.com

Қазақстанда жылжымайтын мүлік нарығының сарапшылары ипотеканы төмендетілген бастапқы жарнамен немесе мүлде алғашқы жарнасыз беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, жинақтың болмауы азаматтың несиені төлей алмайтынын білдірмейді. Дегенмен бір қарағанда қолжетімді көрінетін мұндай несиелер халықтың қарыз жүктемесін күрт арттырып, баспана бағасының қайта қымбаттауына әкелуі ықтимал, деп хабарлайды «31 арна».

Тұрақты жалақысы мен жақсы несие тарихы бар азаматтар үшін баспана алудағы басты кедергі - бастапқы жарнаға қаражат жинау. Сарапшылар банктер мұндай клиенттерге жеке көзқараспен қарауы керек деп есептейді. Себебі есепшотта бірнеше миллион теңгенің болуы адамның 20 жыл бойы несиені мінсіз төлейтініне кепілдік бермейді.

«Егер табысы тұрақты болса және ай сайынғы төлемнен кейін отбасының күнкөрісіне қаражат жетіп тұрса, мен оларға аз жарнамен немесе жарнасыз ипотека беру нұсқасын қарастырар едім. Сонымен қатар бұл бастапқы жарнаның қайдан келгеніне де мән беру керек. Біреу оны өзі жинайды, екіншісіне ата-анасы көмектеседі, ал үшіншісі тұтынушылық несие алады», - деді жылжымайтын мүлік саласының сарапшысы Имран Османов.

Алайда кейбір мамандар бастапқы жарнаны алып тастау несие жүктемесін ауырлатып, жылжымайтын мүлік бағасының жаңа толқынын тудырады деп қауіптенеді. Несие неғұрлым қолжетімді болса, пәтерге деген сұраныс та соғұрлым артады.

«Бастапқы жарна 0 немесе 5 пайыз болуы мүмкін. Бірақ одан ипотеканың негізгі қарызы азаймайды, керісінше көбейеді. Сәйкесінше борыштық жүктеме де артады», - дейді сарапшы Александр Пак.

Көп жыл ақша жинамай-ақ баспаналы болу тиімді көрінгенімен, банктер мұндай тәуекелге бара қоймайды. Қаржыгерлердің айтуынша, алғашқы төлем қарыз алушының қаржылық тәртібін қалыптастырып, банк үшін сақтандыру рөлін атқарады. R-Finance қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов сенімді клиенттер үшін нөлдік жарнаның орнына 10 пайыздық жеңілдетілген шарттарды қарастыру әлдеқайда тиімді екенін атап өтті.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейін белгілеуде сараланған тәсіл енгізіледі. Ол несие сомасы мен кепіл мүлкі құнының арақатынасына (LTV) байланысты есептеледі:

  • LTV коэффициенті 0,7-ге дейін болса (бастапқы жарна кемінде 30%) - шекті мөлшерлеме 20 пайызға дейін;

  • LTV коэффициенті 0,7-ден жоғары болса - шекті мөлшерлеме 25 пайызға дейін белгіленеді.

Яғни, баспана құнының кемінде 30 пайызын бірден төлеген азаматтар ипотеканы төмендетілген пайызбен рәсімдей алады.

17 қарашада Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков 2027 жылы «Отбасы банкпен» бірлесіп бастапқы жарнаны 10 пайызға дейін төмендетуді көздейтін жаңа ипотекалық тетік әзірлеу жоспарланып отырғанын хабарлады. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі «Ұмай» сияқты ипотекалық бағдарламаларға сұраныстың өте жоғары екенін айтып, мемлекеттік органдар баспана алу құралдарын жетілдіру жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар