Фототұзаққа түскен қызыл түлкі: мамандар жабайы аңның неліктен қауіпті екенін ескертті

Редакция
25 қараша 2026, 12:45
Фототұзаққа түскен қызыл түлкі: мамандар жабайы аңның неліктен қауіпті екенін ескертті Сурет авторы: Кадр из видео

«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орнатылған фототұзақтар бірнеше ай қатарынан қызыл түлкіні бейнежазбаға түсіріп алған. Түз тағысы камера алдынан күндіз де, түнде де бой көрсеткен. Кадрларды жариялаған — Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.

Түлкі — ұлттық паркті мекендейтін негізгі аңдардың бірі. Оның қорегінің басым бөлігін кеміргіштер құрайтындықтан, бұл жыртқыш олардың санын реттеуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар ол өзге де ұсақ жануарлармен және өсімдік тектес азықпен қоректенеді.

Ін қазудың орнына түлкілер көбіне борсық пен суыр секілді өзге аңдардың дайын інін паналайды. Табиғи ортада олардың орташа өмір сүру ұзақтығы үш жыл шамасында болса, қолда ұсталған жағдайда 15 жылға дейін тіршілік ете алады.

Комитет мамандарының ескертуінше, түлкілер құтырма ауруын тасымалдауы мүмкін. Осыған байланысты сарапшылар жабайы аңдарға жақындамауға, оларды сипап-еркелетуге тырыспауға және қолдан тамақтандырмауға шақырады.

Соңғы жаңалықтар