Президент Қазақстанның стратегиялық дамуын жоспарлайтын жаңа сарапшылар тобын бекітті

Редакция
23 қараша 2026, 12:32
Президент Қазақстанның стратегиялық дамуын жоспарлайтын жаңа сарапшылар тобын бекітті Сурет авторы: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптамалық топ туралы» өкімге қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа құрылым Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде жұмыс істейді. Ол еліміздің ұзақмерзімді дамуының тұжырымдамалық тәсілдері мен негізгі басымдықтарын терең пысықтау мақсатында құрылды. Құжатқа сәйкес, сараптамалық топтың басты міндеттеріне стратегиялық бағыттарды айқындау, сондай-ақ талдамалық, әлеуметтанулық және форсайт-зерттеулердің нәтижелерін талқылау жатады. Топтың жұмыс органы болып Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) белгіленді.

Сараптамалық топтың отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ айына кемінде бір рет өткізіліп тұрады. Жиындарға топ құрамына кірмейтін мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, бизнес пен азаматтық қоғамның өкілдері де шақырылуы мүмкін.

Сараптамалық топтың құрамына кімдер енді

  • Ерлан Қарин - топ жетекшісі, Қазақстанның вице-президенті;

  • Аида Балаева - жетекшінің орынбасары, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары;

  • Әсет Ерғалиев - жетекшінің орынбасары, Президенттің кеңесшісі - Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы;

  • Жандос Шаймарданов - топ хатшысы, Президент жанындағы ҚСЗИ директоры;

  • Динара Зәкиева - Құрылтай төрағасының орынбасары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл;

  • Саясат Нұрбек - Ғылым және жоғары білім министрі;

  • Дархан Ахмедиев - Құрылтай депутаты, цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы;

  • Қарлығаш Жаманқұлова, Бөріхан Нұрмұхамедов, Айдос Сарым, Марат Шибұтов - Құрылтай депутаттары;

  • Рауан Кенжеханұлы - Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті;

  • Бағдат Мусин - «Қазақтелеком» басқарма төрағасы;

  • Евгений Мұхамеджанов - Алматы қоғамдық кеңесінің мүшесі, ECO Network жобасының негізін қалаушы;

  • Найла Мұхтарова - «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры;

  • Айгүл Сәдуақасова - Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры;

  • Жұлдызай Ысқақова - Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрайымы;

  • Ғазиз Әбішев - Metropolitan information group директоры;

  • Біржан Бәткеев - Экономикалық зерттеулер институтының басқарма төрағасы;

  • Ренат Бектұров - АХҚО басқарушысы;

  • Әнуар Буранбаев - «Зерттеулер және консалтинг орталығының» серіктесі;

  • Эльдар Ғұмаров - QazIndustry басқарма төрағасы;

  • Ерлан Досымбеков - Ernst & Young компаниясының Кавказ және Орталық Азия бойынша басқарушы серіктесі, Шетелдік инвесторлар кеңесінің басқарма төрағасы;

  • Ерзат Дулат - Higgsfield AI тең құрылтайшысы;

  • Қуаныш Жайықов - Desht талдау орталығының жетекшісі;

  • Гүлмира Илеуова - «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті;

  • Олег Мецик - форсайт жөніндегі маман, «СИМКОН» өңірлік үнемді технологиялар орталығының директоры;

  • Мақсат Мұханов - «Өзекті саясат институтының» вице-президенті;

  • Мәдина Нұрғалиева - «Қоғамдық саясат институтының» директоры;

  • Аяулым Сағынбаева - Ұлттық статистика бюросы Ақпараттық-есептеу орталығының демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының жетекшісі;

  • Олжас Сәкенов - «Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы» директорының орынбасары;

  • Андрей Чеботарев - «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры;

  • Динара Шүкіжанова - «АгромашХолдинг KZ» президенті.

Соңғы жаңалықтар