Ауылдағы мамандардың жалақысы кемінде 25%-ға өседі: Үкіметтің жаңа қаулысы кімдерге қатысты?

Редакция
25 қараша 2026, 10:31
Ауылдағы мамандардың жалақысы кемінде 25%-ға өседі: Үкіметтің жаңа қаулысы кімдерге қатысты? Сурет авторы: depositphotos.com

Қазақстанның ауылдық елді мекендерінде еңбек ететін бірқатар сала мамандарының жалақысы өсетін болды. Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған Үкіметтің 2026 жылғы 19 қарашадағы қаулысымен азаматтық қызметшілер мен мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдар, сондай-ақ қазыналық кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесіне тиісті өзгерістер енгізілді.

Жаңа құжатқа сәйкес, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін келесі сала мамандарына жоғарылатылған лауазымдық жалақы (тарифтік мөлшерлеме) белгіленеді:

  • денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру;

  • білім беру, мәдениет және спорт;

  • ветеринария;

  • орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар.

Жалақыны өсіру мөлшері кемінде 25 пайызды құрауы тиіс. Үстемақы тағайындау туралы нақты шешімді жергілікті өкілді органдар қабылдайды. Дәл осындай норма ауылдық жерлерде орналасқан және республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің аталған сала мамандарына, сондай-ақ орман шаруашылығы функцияларын орындайтын мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлеріне де қолданылады.

Үкімет қаулысы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу тәртібі өзгергені хабарланған еді. Сонымен қатар, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап еліміздегі учаскелік медицина қызметінің 77 мыңнан астам маманы үздіксіз жұмыс өтілі үшін жалақыларына үстемақы ала бастайды.

Соңғы жаңалықтар