Тәуелсіздіктің 35 жылдығына мемлекеттік деңгейде айрықша көңіл бөлініп отыр – депутат Д.Қамзабекұлы

Редакция
25 қараша 2026, 14:04
Тәуелсіздіктің 35 жылдығына мемлекеттік деңгейде айрықша көңіл бөлініп отыр – депутат Д.Қамзабекұлы

Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына бір ай қалғанда Құрылтайдың барлық фракция депутаттары ел халқына арнайы үндеу жолдады. Үндеуде 1991–2026 жылдар аралығындағы, әсіресе соңғы жеті жылдағы ел дамуының негізгі нәтижелері мен алдағы міндеттер атап өтілді.

Депутаттардың мәліметінше, соңғы жеті жылда елімізде әділеттілік пен заң үстемдігін нығайту бағытында ауқымды істер атқарылды. Шетелге заңсыз шығарылған капиталды қайтару есебінен 1 триллион теңгеден аса қаржы әлеуметтік жобаларға бағытталмақ, ал мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматқа көшірілді.

Үндеуде келтірілген негізгі көрсеткіштер:

  • Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі 7 жылда шамамен 2,5 есе өсіп, 398 млрд АҚШ долларына жетті.

  • Алтын-валюта және Ұлттық қор активтері 44 пайызға артып, 130 млрд долларға жуықтады.

  • «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы аясында 7 миллионнан аса баланың шотына шамамен 2,5 млрд доллар аударылды.

  • Ғылымды қаржыландыру 3,6 есе өсіп, 261,5 млрд теңгені құрады.

  • Соңғы жеті жылда 625 жаңа өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылып, ауыл шаруашылығы өндірісі 24 пайызға артты.

  • 1300-ден аса жаңа мектеп, 1483 балабақша, 1259 медициналық мекеме және 536 спорт пен мәдениет нысаны салынды.

Сондай-ақ үндеуде биылғы конституциялық реформа мен саяси жүйенің жаңаруы Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен тұспа-тұс келуінің рәміздік мәні ерекше айтылған. Депутаттар қоғамдық сананы жаңартудың, ел бірлігін сақтаудың және Мемлекет басшысы бастамашы болған «Халықтық құрылыс» жобасы мен «Құрылыс және тағы да құрылыс!» бастамасын іспен қолдаудың маңызына тоқталды.

Соңғы жаңалықтар