Жаслан Мәдиев еліміздегі мобильді интернеттің орташа құнын атады

Редакция
24 қараша 2026, 11:27
Жаслан Мәдиев еліміздегі мобильді интернеттің орташа құнын атады Сурет авторы: Informburo.kz

Қазақстандағы мобильді интернет тарифтері орташа әлемдік көрсеткіштен шамамен үш есе төмен. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Қараша айындағы халықаралық рейтингтердің дерегінше, жылдам байланысы бар 55 мемлекеттің ішінде Қазақстан мобильді интернеттің қолжетімділігі бойынша жетінші орынға тұрақтаған.

Жаслан Мәдиевтің сөзінше, елімізде орташа мобильді тарифтің құны айына шамамен 10 долларды немесе 4 574 теңгені құрайды. Бұл әлем бойынша орташа есептелген 27 доллардан (шамамен 12 350 теңге) үш есеге жуық арзан.

Үкімет отырысында вице-премьер ел тұрғындарының интернет-трафикті тұтыну көлемі тоқтаусыз өсіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, байланыс сапасы мен тариф бағасының арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды.

«Байланыс жылдамдығын арттыру және 5G желісінің қамту аймағын кеңейту үшін операторлар желілерге инвестиция құюы керек. Бұл ретте халық үшін тарифтерді қолжетімді деңгейде ұстап тұру мен саланы инвестициялық тұрғыдан тартымды ету арасындағы теңгерімді сақтау қажет», - деді Жаслан Мәдиев.

Еске сала кетейік, бұған дейін министр еліміздегі республикалық тасжолдарды мобильді байланыспен қамтамасыз етуге арналған мұнаралардың құрылысы баяу жүріп жатқанын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар