GTA 6 құпиясын әшкерелеген хакер жеті жылға сотталып, сот залынан бірден босатылды

Редакция
24 қараша 2026, 17:31
GTA 6 құпиясын әшкерелеген хакер жеті жылға сотталып, сот залынан бірден босатылды Сурет авторы: gamerz.kz

Ұлыбританияның 21 жастағы тұрғыны Арион Куртаж Rockstar Games компаниясының серверін бұзып, GTA 6 ойынының құпия материалдарын таратқаны үшін және өзге де кибершабуылдар жасағаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сот үкім шыққан күні-ақ оны қадағалаумен бостандыққа шығару туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BBC.

Куртаж 16–17 жасында Lapsus$ хакерлік тобының құрамында жүріп бірнеше ірі кибершабуыл жасағанын мойындады. Бұған дейін ауыр дәрежедегі аутизм диагнозына байланысты ол жабық үлгідегі мамандандырылған ауруханаға мерзімсіз емделуге жіберілген болатын. Кейін дәрігерлер оны сот алдында жауап беруге қабілетті деп танып, қаңтар айында кәдімгі түрмеге ауыстырған.

Сот жас жігіттің аурухана мен қамауда өткізген уақыты жеткілікті деп есептеп, оны бақылауға алу шартымен босатты.

«Сіз өте дарынды жас жігітсіз. Енді бұл жағдайдың қайталануына жол бермеңіз», - деді сот үкім оқу барысында.

Алдағы бес жыл ішінде Куртаждың интернеттегі әрекеттеріне қатаң шектеу қойылады. Атап айтқанда, оған Telegram және Discord желілерін пайдалануға тыйым салынды.

2022 жылы Куртаж басқа хакерлердің қоқан-лоқысынан кейін полицияның күзетімен қонақүйде кепілде отырған кезінде Rockstar Games жүйесіне бұзып кірген. Тәртіп сақшылары компьютерін тәркілеп алғанына қарамастан, жасөспірім әзірлеушілердің ішкі базасына қол жеткізе алған.

Ол әлі жарыққа шықпаған ойынның бір сағатқа жуық процесі түсірілген 90 бейнежазбаны ұрлап, компания өкілдерінен бір тәулік ішінде өзімен байланысуды талап етті. Талабы орындалмаса, ойынның бастапқы кодын жариялайтынын айтып қорқытқан. Компания бопсалауға көнбеген соң, материалдар интернет-форумдарда тарап кетті. Осылайша, GTA 6 ойынындағы басты кейіпкерлердің бірі әйел адам болатыны туралы басты құпия мезгілінен бұрын әшкере болды. Rockstar Games кибершабуыл салдарын жоюға 5 миллион доллар және қызметкерлердің мыңдаған сағат жұмысы кеткенін мәлімдеді.

Rockstar Games-тен бөлек, хакердің әрекетінен Uber, Revolut және британдық BT мен EE телекоммуникациялық компаниялары зардап шекті. Келтірілген жалпы шығын шамамен 10 миллион фунт стерлингке бағаланып отыр. Сонымен қатар Lapsus$ тобы криптовалюта инвесторларынан кемінде 300 мың доллар жымқырған.

Адвокаттардың айтуынша, пандемия кезіндегі оқшаулану кезінде хакерлік топпен араласу оған ортаға деген тиесілілік сезімін сыйлаған. Куртаж қамауда отырған кезінде де мекеме қызметкерлеріне шабуыл жасап, жасырын телефон арқылы полицейлерге хабарлама жіберіп, Snapchat-қа жазба салғаны үшін әшкереленген.

Айта кетейік, GTA 6 ойыны 19 қарашада PlayStation 5 және Xbox Series X|S консольдерінде ресми түрде жарық көрді. Алдын ала тапсырыстарды қоса есептегенде, ойын алғашқы тәулікте 3,8 миллиард доллар табыс тауып, ойын-сауық индустриясында абсолютті рекорд орнатты. Sony дерегінше, алғашқы күндері ойынға 39 миллионнан астам адам кірген. ДК (компьютер) нұсқасының қашан шығатыны әзірге белгісіз.

Соңғы жаңалықтар