Мемлекет игілігі үшін жұмыс істеуге дайын еместер кетуі керек: Бектенов Нағаспаевқа ҚТЖ-дағы кадрларды тазалауды тапсырды

Редакция
24 қараша 2026, 15:54
Мемлекет игілігі үшін жұмыс істеуге дайын еместер кетуі керек: Бектенов Нағаспаевқа ҚТЖ-дағы кадрларды тазалауды тапсырды Сурет авторы: ulysmedia.kz

Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының ұжымына жаңа басқарма төрағасы Ерсайын Нағаспаевты таныстырды. Үкімет басшысы жаңа тағайындалған басшыға кадр жұмысында тәртіп орнатып, әрбір қызметкерге нақты міндет жүктеуді тапсырды.

Премьер-министр басым бағыттардың қатарында көлік-логистикалық әлеуетті арттыру, транзиттік тасымал көлемін ұлғайту, теміржол инфрақұрылымын дамыту және компания қызметінің тиімділігін көтеруді атады.

Сондай-ақ ол корпоративтік тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейту және басшылардың қабылданатын шешімдер үшін жеке жауапкершілігін арттыру қажеттігіне ерекше тоқталды.

«Бұл - көп мыңдық ұжымы мен күрделі басқару жүйесі бар ірі компания. Кадр жұмысында тәртіп орнатып, әрбір қызметкерге нақты міндеттер айқындау қажет. Мемлекет игілігі үшін жұмыс істеуге дайын еместер кетуі керек. Ойлануға уақыт жоқ, белсенді жұмысқа дереу кірісу қажет», - деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы 2026 жылдың соңына дейін Дарбаза – Мақтаарал және Мойынты – Қызылжар теміржол учаскелерінің құрылысын аяқтау, ал келесі жылы Бақты – Аягөз бағытын іске қосу жоспарланып отырғанын еске салды. Бектеновтің айтуынша, бұл нысандардың уақытылы ашылуы елдің транзиттік әлеуетін өсіру үшін аса маңызды.

Сонымен қатар отандық вагон мен локомотив өндірісін қолдау, мультимодальдық тасымалдарды және теңіз инфрақұрылымын дамыту міндеттері қойылды. Инвестормен бірлесіп Alatau Air Cargo жүк әуе компаниясының жұмысын жолға қою қажеттігі де бөлек айтылды.

Бұдан бөлек, Ерсайын Нағаспаевқа көлік процестеріне цифрлық шешімдерді белсендірек енгізу тапсырылды. Бұл компанияның жалпы жұмыс тиімділігін арттыруға септігін тигізуі тиіс.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ерсайын Нағаспаевты Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатып, ол «Қазақстан темір жолы» басқармасының жаңа төрағасы болып тағайындалған еді.

Соңғы жаңалықтар