Елде шошқа тұмауының 295 дерегі тіркелді: Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі ахуалды түсіндірді

Редакция
23 қараша 2026, 14:43
Елде шошқа тұмауының 295 дерегі тіркелді: Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі ахуалды түсіндірді Сурет авторы: Shutterstock.com

Қазақстанда көпшілік арасында шошқа тұмауы ретінде белгілі A(H1N1) тұмауының 295 дерегі ресми түрде расталды. Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында вирус туралы хабарламалар тарағаннан кейін Ресейдің Роспотребнадзор қызметі Қазақстаннан сырқаттану деңгейіне қатысты мәлімет сұратты. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі елде қазір қандай инфекциялар таралып жатқанын және алаңдауға негіз бар-жоғын түсіндірді.

Ресейдің санитариялық қадағалау қызметі ресми сұрау салуына дене қызуының көтерілуімен, қатты бас ауруымен, жөтелмен және тамақ ауруымен өтетін індет туралы ақпараттар себеп болған. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі қазір елімізде күз мезгіліне тән әдеттегі тұмау мен ЖРВИ маусымы жүріп жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, соңғы бір аптада науқастар саны керісінше азайған. Атап айтқанда, өткен аптада дәрігерлер ЖРВИ-дің 133 052 жағдайын тіркеді, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 6,8 пайызға төмен. Маусым басталғалы бері 1 453 967 қазақстандық ЖРВИ жұқтырған, ал тұмаумен сырқаттану көрсеткіші былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 28,3 пайызға азайған.

1 қыркүйектен бері зертханалық түрде тұмаудың 297 дерегі расталса, оның 295-інен A(H1N1) вирусы, ал екеуінен В типті тұмау анықталған. Тұмаудан бөлек, дәрігерлер бұрыннан белгілі риновирус, бокавирус және аденовирус инфекцияларын тіркеп жатыр. Министрлік елде бұрын-соңды болмаған жаңа вирустың пайда болғанын растаған жоқ.

Ауруханалардың толып қалғаны туралы шағымдарға орай ведомство инфекциялық стационарлардағы орын қоры туралы да есеп берді. Қазіргі таңда елімізде жұқпалы ауруларға шалдыққан науқастарға арналған 13 335 төсек-орын дайындалған. Бүгінде олардың 63 пайызы, ал балаларға арналған орындардың 69,4 пайызы бос емес. Министрлік эпидемиологиялық ахуал мен медициналық ұйымдардың дайындығын тұрақты бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.

Бұған дейін Астана ауруханаларында тұмау мен ЖРВИ жұқтырған 313 науқас жатқаны, олардың 220-сы балалар, 30-ы жүкті әйелдер екені хабарланған болатын. Науқастар легінің артуына байланысты елордада қосымша төсек-орындар ашылып, емханалар мен жедел жәрдем қызметінің жұмысы күшейтілді. Сонымен қатар елордалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті сыныптарда сырқаттану деңгейі артқан жағдайда оқушылардың қай кезде қашықтан оқуға көшірілетінін түсіндірген еді.

Соңғы жаңалықтар