Экологияға жанашырлық: ғалымдар Almaty SuperSki жобасының экологияға зиянсыз екенін растады

Редакция
23 қараша 2026, 16:23
Экологияға жанашырлық: ғалымдар Almaty SuperSki жобасының экологияға зиянсыз екенін растады Сурет авторы: primeminister.kz

Отандық ғалымдар Көкжайлауда салынатын Almaty SuperSki курортының табиғатқа қалай әсер ететінін зерттеді. Олардың айтуынша, қар барысы мекендейтін және сирек өсімдіктер өсетін негізгі жерлер құрылыс аумағына кірмейді. Курорт жұмысы мұздықтардың еруін де жеделдетпейді.

ҚазҰУ мамандары бұл маңнан Қызыл кітапқа енген 6 түрлі өсімдікті тапқан. Олардың қатарында Сиверс алмасы мен Островский қызғалдағы бар. Бұл өсімдіктер құрылыс жүретін аумақтан тыс жерде өседі. Зоология институты да құрылыс қар барысы мен өзге жабайы аңдардың тіршілігіне кедергі келтірмейтінін растады. Жануарларды қорғау үшін арнайы тыныштық аймақтарын құру ұсынылды.

«Қазгидрогеология» есебінше, курортқа Терісбұтақ өзені суының 14 пайызынан аспайтын бөлігі ғана керек болады. Топырақ жағдайы қалыпты деп бағаланды, бірақ мамандар табиғатты қорғау талаптары қатаң сақталуы тиіс екенін ескертті.

Іле-Алатау ұлттық паркінің өкілдері курорт орналасатын жер парк құрамында қалатынын және ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін сақтайтынын айтты. Ал Kazakh Tourism Development Ltd. компаниясы зерттеу қорытындылары құрылыс кезінде ескеріліп, ғалымдар жобаны бастан-аяқ бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар