Еуропада қымбатшылық пен баспана бағасының өсуіне қарсы жаппай ереуілдер басталды

Редакция
23 қараша 2026, 09:57
Еуропада қымбатшылық пен баспана бағасының өсуіне қарсы жаппай ереуілдер басталды Сурет авторы: Leparisien

Еуропаның бірнеше елінде өмір сүру құнының қымбаттауына, баспана бағасының шарықтауына және жалақының төмендігіне қарсы жаппай наразылық акциялары өтті. Франция, Португалия, Испания және өзге де мемлекеттерде мыңдаған адам көшеге шығып, кейбір қалаларда шерушілер мен полиция арасында қақтығыс болды, деп хабарлайды Euronews.

Бельгия, Ұлыбритания, Испания, Франция, Грекия, Италия және Португалияның кәсіподақтары мен қоғамдық ұйымдары 20–22 қараша аралығында бірлескен наразылық шараларын ұйымдастырды. Шерушілер қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді, жалақыны көтеруді, сондай-ақ азық-түлік пен электр энергиясының бағасын мемлекеттік бақылауға алуды талап етуде.

Ең ауқымды акциялар алтыншы демалыс қатарынан ереуіл жалғасып жатқан Францияда тіркелді. Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 21 қарашада көшеге 82,5 мың адам шықса, оның 21,5 мыңы Парижде жиналған. Ал ұйымдастырушылар бүкіл ел бойынша 150 мыңға жуық адам қатысқанын мәлімдеді.

Шерулердің басым бөлігі бейбіт өткенімен, Марсельде демонстранттар қоқыс жәшіктерін өртеп, жалын көліктерге шарпыды. Лионда полиция көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болды. Тәртіпті қамтамасыз ету үшін ел аумағында 70 мыңға жуық полицей мен жандарм жұмылдырылды.

Лиссабонда мыңдаған тұрғын нөсерлетіп жауған жаңбырға қарамастан көшеге шықты. CGTP-IN ірі кәсіподақ федерациясы ұйымдастырған шеруге Порту, Авейру және Фару аймақтарынан да халық ағылып келді. Соңғы жылдары Португалияда баспана бағасы күрт өсіп, халық табысы еуропалық орташа деңгейден төмен күйінде қалып отыр. Шерушілер жалақы мен зейнетақыны арттыруды, жалдамалы пәтер ақысын төмендетуді талап етті. Кәсіподақтар 2027 жылғы мемлекеттік бюджетке дауыс беру өтетін 24 қараша күні парламент ғимараты алдында тағы бір акция өткізуді жоспарлап отыр.

Испанияның Барселона қаласында өткен шеруге полиция дерегінше 3 мың, ұйымдастырушылар есебінше 5 мың адам қатысып, қолжетімді баспана мен білім беру саласын қаржыландыруды арттыруды сұрады. Ал Мадридтегі бөлек акцияға қатысушылар 2020 жылғы пандемия кезінде қарттар үйінде көз жұмған 7291 қарияның өліміне қатысты тергеу жүргізуді талап етті.

Сонымен қатар Италияның Рим және Милан қалаларында ондаған мың адам көшеге шықты. Германияның ондаған қаласында GenZ regelt жастар қозғалысының бастамасымен 21 мыңға дейін адам ереуілдетті. Ал Ұлыбританияда мектеп оқушыларын қоса алғанда жүздеген демонстрант әскери шығындарды көбейтуге қарсылық білдіріп, қаражатты әлеуметтік қажеттіліктерге бағыттауды талап етті.

Еуропадағы бұл толқын 20 қарашада басталған халықаралық жастар акцияларының жалғасына айналды. Ұйымдастырушылар Еуропаның 20-дан астам елінде шеру өткізуді көздеген. Әр елдегі талаптар әртүрлі болғанымен, еуропалықтарды қымбатшылыққа, баспана тапшылығына және әлеуметтік саланың жеткіліксіз қаржыландырылуына деген ортақ наразылық біріктіріп отыр.

Соңғы жаңалықтар